Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевский қызметінен босатылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украина Президенті Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы Елшісін жұмыстан босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тиісті жарлық Украина Президентінің ресми сайтында жарияланған.

«Петр Юрьевич Врублевский Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылсын» делінген жарлықта.

Еске сала кетейік, аталған елші блогерге сұхбат бергеннен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылған болатын.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Украинаның Қазақстандағы Елшісі Петр Врублевскиймен кездесті.

«Кездесу барысында Елшіге биылғы 21 тамызда қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында айтқан мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдірілді. Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіндігі және қолайсыздығы туралы ұстанымын білдірді. Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Кейіннен осыған қатысты СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Украина Сыртқы істер министрлігінен Астанадағы жаңа елшіні тағайындау туралы өтініш түскен.

«Украина жағымен осы мәселе бойынша бізде толық түсіністік бар және екі жақта да барлық келісім орындалған» деді ол.




Фото: ulysmedia.kz


Соңғы жаңалықтар