Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Украинаның борщ әзірлеу дәстүрі ЮНЕСКО тізіміне енгізілді

2022 жылғы 2 шілде 21:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Украинаның борщ әзірлеу дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл шешімді ЮНЕСКО Конвенциясына мүше-мемлекеттердің өкілдері кіретін Материалдық емес мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет қабылдады.

Комитеттің атап көрсетуінше, «елдегі жағдай бұл элементтің өміршеңдігіне қауіп төндіріп тұр. Себебі, адамдардың борщке қажетті жемістерді өсіріп, оны әзірлеуге мүмкіндігі жоқ. Дәстүрді жалғастыру үшін бірге жинала алмай да қалды».

Украина борщы 2020 жылы елдің материалдық емес мәдени мұралары тізіміндегі элементтер қатарына қосылған. Ал, Ұйымның репрезентативтік тізіміне енгізу мәселесі Комитет отырысында 2023 жылы қаралуы керек болған. Алайда, Украина тарапы Комитеттің мүше-мемлекеттеріне мәселені жедел қарау жөнінде өтініш түсірген.

Ұйым сайтындағы ақпаратқа сәйкес, аталған тізімге енгізілуі борщ әзірлеудің украиндықтар арасында әлеуметтік және мәдени маңыздылығы барын көрсеткенімен, бұл мұраға меншік иелігі туралы құқық бермейді.

Жалпы, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне 2013 жылдан бері Украинадан төрт элемент енгізілген.

Осы жылғы сәуірде ЮНЕСКО Украинаның мәдени мұрасына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді.

Айта кетсек, биыл Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болғанына 30 жыл . Еліміз UNESCO (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization) құрамына 164-мемлекет болып қосылған.

Сондай-ақ, жуырда ғана ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне қазақтың ұлттық биі – «Ортеке» ЮНЕСКО тізіміне енгізілетінін хабарлаған болатын.


Автор:

Гүлнұр Қалдыбаева

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары