Украиналық футболшы Ризван Аблитаров «Қайсарда» ойнайды
Р.Аблитаров 1989 жылдың 18 сәуірінде дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін Украинаның «Севастополь», «Буковина», «Титан», «Оболонь-Бровар», «Черноморец» (Одесса), Латвияның «Даугава» (Даугавпилс) командаларында ойнаған. 2017 жылдан бері қазақстандық «Атырау» клубының сапында 34 ойын көрсетіп, қарсыластар қақпасына 2 гол соқты.
Бұдан бұрын «Қайсар» басшылығы қорғаушылар - Елдос Ахметов және Бағдат Қайыров, грузиялық шабуылшы Элгуджа Лобжанидзе, кабо-верделік жартылай қорғаушы Алвин Фортеспен келісімшартқа отырған болатын.
Айта кетейік, «Қайсар» 3-27 қаңтар аралығында Түркияның Анталия қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Қазір командада қазақстандық футболшылармен бірге Ресейден Алексей Шумских, Украинадан Ризван Аблитаров, Мозамбиктен Режиналдо Файфе сынақтан өтуде.