Украина қазақстандық локомотивтерді сатып алуды жоспарлауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Украина темір жолдары» ААҚ Қазақстан шығарған тепловоздарды сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Украина теміржол компаниясының делегациясы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ мен «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС өнімдері мен өндірістік қуатымен танысты. Зауыттарда ТЭ33A және ТЭП33A сериялы тепловоздардың, сондай-ақ KZ8A және KZ4A электровоздардың техникалық таныстырылымы өтті.

Астана қаласының эксплуатациялық локомотивтік депосында қазақстандық әріптестер техниканың сервистік және кепілдемелік қызмет көрсетуін ұйымдастыру, оны пайдалану бойынша сұрақтарға жауап берді. Украина теміржол әкімшілігінің өкілдері «ҚТЖ» ҰК» АҚ - «Теміржол көлігі қызметкерлерін дамыту және бағалау орталығы» бөлімшесінде түрлі мамандықтар бойынша білікті кадрлар дайындау процесімен танысты.

Украиналық теміржол «General Electric Company» компаниясымен шекті келісімнің бастапқы кезеңін іске асыру шеңберінде, 2018 жылдың соңына қарай ТЭ33AС сериялы тепловоз партиясын алуды жоспарлап отыр.

«Украиндық әріптестер GE компаниясының құрылысы және дизельдік локомативтерді пайдаланудағы біздің тәжірибемізге қызығушылық танытып отыр. Біз өз тарапымыздан жетістіктеріміз бен жұмыс істеу қағидаларымызбен бөлістік», - деді «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ операциялық қызметтер бойынша вице-президент Марат Шәкенов.

Сондай-ақ, ол қазақстандық теміржолшылардың серіктес елдердің теміржол әкімшілігімен ұзақ мерзімге ынтымақтасуға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар