Украина Ирандағы әуе апатының барынша ашық тергелуін талап етпек

None
None
КИЕВ. УКРИНФОРМ - ҚазАқпарат - Украина Тегеран-Киев рейсін орындаған Boeing-737 ұшағы апатының тергелуі барынша жариялы түрде өткізілуін талап ететін болады. Бұл туралы Украинаның премьер-министрі Алексей Гончарук сәрсенбі күні өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Украинформға сілтеме жасап.

«Сөзсіз, тергеудің барынша жария түрде жүргізілуін талап етеміз. Осы тергеуге сенімді арттыратын немесе қамтамасыз ететін барлық халықаралық ұйымдар тартылуы тиіс», - деді Гончарук.

Сондай-ақ, ол әуе апатының себебі ресми түрде жарияланғанға дейін айтылған қандай да бір нұсқаларды манипуляция деп атады.

«Қазір қауесет таратпай-ақ қояйық. Тергеуді көптеген топтар бірлесіп жүргізеді. Иранның ішінде осы мемлекеттің ресми органдары жұмыс істейді. Біз де Иран аумағындағы тергеуге қосылу үшін қажетті өтініштер бердік. Тергеу оқиға болған жерде жүруі қажет», - деді Гончарук.

Президент Владимир Зеленскийдің тапсырмасы бойынша Украинада да қылмыстық іс қозғалған. Оның барысында барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қолға алынғаны, не алынбағаны анықталатын болады.

«Дегенмен, аталмыш тергеуді жүргізудің конфигурациясы туралы ресми түрде кейінірек хабарлаймыз деп ойлаймын. Қазір үшінші тараппен – Иранмен консультациялар, ресми процедуралар жүріп жатыр», - деді Украина премьер-министрі.

Бұдан бөлек, Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов тергеу жүргізілгенге дейін әуе апатынан қаза тапқан азаматтардың елдері міндетті түрде тартылатынын атап өтті.

«Бұдан бөлек, ұшақты шығарған Boeing компаниясының мамандары да комиссия жұмысына жұмылдырылады», - деді Данилов.

Еске салайық, сәрсенбі, 8 қаңтарда Тегеран уақытымен 6:00-де Имам Хомейни атындағы әуежайдан Тегеран-Киев бағытымен ұшқан «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшыраған еді.

Ұшақ бортында 177 адам болған: 168 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі. Оның ішінде Иранның – 82, Канаданың - 63, Украинаның - 2 + 9 (экипаж), Швецияның – 10, Ауғанстанның – 4, ГФР-дың – 3, Ұлыбританияның 3 азаматы болған. Олардың барлығы қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар