Украина ЭКСПО-ға қандай жаңалық әкелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Украина секциясы су жылытуға арналған күн агрегаты мен жарықтан энергия өндіретін жалюзиді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек жолы павильонында орналасқан Украина экспозициясының аумағы 35 шаршы метрді құрайды. Секцияның шағын екеніне қарамастан, ұйымдастырушылар онда энергетикаға қатысты бірқатар өнертабыстарын қоюға тырысқан. Мәселен, Украина секциясының өкілдері көрмеге су мен ғимараттарды жылытуға арналған күн агрегаты, жел генераторы және жарықтан энергия өндіретін жалюзи әкелді.

Экспозиция төріне су мен ғимараттарды жылытуға арналған агрегат қойылған. Күн энергиясын жинайтын пластиналардың көмегімен күн сәулелері орталыққа жиналады. Онда шыны түтікше түріндегі вакуум орналасқан. Вакуум Цельсий өлшемімен 900 градусқа дейін қызады, осы арқылы еденді, бассейнді немесе кішігірім үйлерді жылытуға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылғының 4 кВт болатын қуаттылығы үлкен үйлерді жылыта алмайды. Десе де, күніне 1000 литр суды жылытуға қауқары жетеді. Аппараттың бірегейлігі сол, күннің орналасқан жерін өзі анықтайды және күнбағыс секілді пластиналарын күнге қарай бұрады.

Украиналық өндірушілердің патенттелген тағы бір технологиясы  - ультрадыбысты шығын өлшеуіш деп аталады. Оны газ, мұнай және су құбырларындағы қысымды өлшеу үшін пайдаланады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аппарат тетіктеріндегі ультрадыбыстың көмегімен құбырды ашпай-ақ оның ішіндегісін, көлемін және қысымын  білуге болады. Аппарат ыңғайлы ықшам шабаданда орналасқан және оның қуаты 8 сағатқа дейін жетеді.

Украина секциясының үшінші жаңалығы - күн сәулелерінен энергия өндіретін жалюзи. Күндізгі уақытта күннен қуат жинайтын бұл пердеше кешкі уақытта бөлме шамының жарығынан да энергия өндіреді. Жиналған энергияны кішігірім тұрмыстық техникаларға қолдануға болады. Атап айтқанда, телефон мен ноутбукті қуаттауға, теледидарды қосуға болады.

Еске сала кетсек, бүгін ЭКСПО көрмесінде Украинаның ұлттық күні аталып өтті. Украиналық шеберлер ЭКСПО-ның құрметіне Астанаға ұлттық ою-өрнектер салынған 30 метрлік сүлгі әкелді . Оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделген.

 

Соңғы жаңалықтар