ҰҚК Сириядағы азаматтар не себепті қайтарылғанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев Қазақстан Сириядан азаматтарды қандай себептермен қайтарғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмысына біздің қызметкерлер басынан аяғына дейін қатысты. Бірақ осы жұмыстар аяқталған жоқ. Осы операция бойынша біздің қоғамымызда көптеген сауалдар қойылуда. Бұл тұрғыда «азаматтарды Сириядан қайтарудың қажеттігі қанша?», «неліктен оларға елге кіруге тыйым салуға болмайды?» деген пікірлер естілуде. Біріншіден, біз мемлекет ретінде мідеттерімізді орындай отырып, өз азаматтарымызды елге қайтаруға тиістіміз. Кінәлілер бойынша жазаның орындалуын қамтамасыз етіп, кінәсіздерді оңалтудан өткізуіміз қажет. Бұл жалпы әлем бойынша қабылданған тәжірибе. Мысалы, 2018 жылы біз еліміз аумағында 50-ден астам терроризм мен экстремизмге қатысты шетел азаматтарын анықтадық. Барлығын өз елдеріне депортацияладық», - деді Б. Рахымбердиев.

Осы орайда ол аталған операция барысында ең маңызды қадам балаларды құтқаруға қатысты екенін атап өтті.

«Екіншіден, осы азаматтар шетелде қалып қойса қалай болады? Содырлар Қазақстанға қарсы лаңкестік іс-әрекеттерін жалғастыратыны анық. Жыл сайын біз шетел лаңкестері тарапынан бірнеше терактілердің жолын кесеміз. Ал Қазақстанда олар ең аз дегенде жауапкершілікке тартылып, оңалтудан өтеді. Үшіншіден, ең бастысы біз балаларды құтқардық. Одан бөлек, шетелде қалып қойған балалар кім болып өсетіні жайлы ойлану қажет. Олар террористер қатарын толықтыратындығы анық. Сондықтан балаларды елге қайтара отырып, біз болашақтағы ауқымды мәселені шешіп отырмыз. Осы қайтып келген адамдарға тағы бір мүмкіндік беруіміз керек», - деді ҰҚК өкілі.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылатынын мәлім етті.

Сириядан қайтарылған 16 ер адам лаңкестік күдігі бойынша тұтқындалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Елбасы Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар