ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекараны кесіп өту ережелерін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі карантиндік шектеулер кезеңіндегі Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтудің қазіргі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Instagram парақшасында бұл туралы Шекара қызметінің шекаралық бақылау департаментінің офицері Ерлан Данияров айтты.

«Бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту уақытша шектелген. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия карантиндік шектеулер кезеңінде шекарадан өту тәртібін бекітті. Шекарадан өтуге рұқсат етілген адамдардың тізбесі анықталды. Бұл ретте Қазақстан азаматтары ел аумағына кедергісіз орала алады, ал шетелдіктер Қазақстаннан кете алады. Шектеулер сондай-ақ дипломаттарға, ұшақтардың, пойыз бригадаларының, теңіз кемелерінің экипаждарына, жүк автокөлігінің, трансшекаралық құрылыстардың қызмет көрсетуші персоналына және басқа да адамдар санаттарына қолданылмайды. Мемлекеттік шекараны кесіп өтуге рұқсат етілген адамдардың толық тізбесімен ҰҚК сайтында таныса аласыздар», - деді Ерлан Данияров.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына Украина, Беларусь, Германия, Нидерланды, БАӘ, Оңтүстік Корея, Түркия, ал таяудан бері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы жандандырылған шет елдерге кетуге рұқсат етіледі.

«Егер халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп қарастырылмаған болса визалық талаптарды сақтай отырып, аталған елдердің азаматтары болып табылатын шетелдіктерге де Қазақстанға әуе көлігімен кіруге рұқсат етіледі. Осы жылдың 3 қыркүйегінен бастап карантин шараларының әлсіреуін ескере отырып, шетелдік азамат Қазақстанмен әуе қатынасы қайта жандандырылған елден тікелей келуі керек деген талаптар алынып тасталды. Мысалы Германия азаматы визасы болған жағдайда БАӘ-ден Қазақстанға тікелей әуе рейсімен қандай да бір шектеусіз келе алады. Сонымен қатар қайта жандандырылған әуе рейстерін азаматтығына қарамастан карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне сәйкес кіруге рұқсат берілген шетелдіктердің басқа санаттары да (мысалы ВАК шешімі бойынша отбасы мүшелері емделуге, оқуға және басқалары) пайдалана алады», - деді ол.

Ерлан Данияровтың сөзінше, Бас санитариярлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 6 қазаннан бастап шетелдіктер Қазақстанға келген кезде өзімен бірге мерзімі 72 сағаттан аспайтын ПТР-анықтамалары болуы қажет. Ал Қазақстан азаматтары анықтама болмаған жағдайда екі тәулікке карантиндік стационарға оқшауланады.

Шекара қызметі карантиндік шектеулер кезінде шекарадан өту тәртібі туралы 8 (7172) 719-111 анықтама қызметінің нөмірі бойынша тәулік сайын жұмыс уақытында телефон арқылы консультация береді.


Соңғы жаңалықтар