ҰҚК: Қылмыскерлер «Көктөбе» теле-радиохабар тарату мұнарасын басып алуға тырысты
2022 жылғы 11 қаңтар 21:50

ҰҚК: Қылмыскерлер «Көктөбе» теле-радиохабар тарату мұнарасын басып алуға тырысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шекарашылар Алматы қаласының стратегиялық маңызы бар нысандарын басып алуға жол бермеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәліметінше, Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы құқық қорғау органдарымен және әскери құрылымдармен бірлесе отырып, Алматы қаласының әкімшілігі мен стратегиялық маңызы бар нысандарын қорғауға тікелей қатысқан.

«Митинг кезінде қылмыскерлер «Көктөбе» теледидар мен радиохабар мұнарасын басып алуға тырысты, осылайша бандиттер ақпараттық басымдыққа ие болып, өз талаптарын қоюды көздеген еді, алайда шекарашылар шабуылға тойтарыс берді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, шекарашылар «Медеу» селден қорғау бөгетінің периметрін де бақылауға алды.

«Контртеррористік операцияның белсенді кезеңінде департаменттің әскери қызметшілері ҰҚК Шекара қызметінің арнайы бөлімшесімен бірге қылмыскерлерді, сондай-ақ заңсыз жолмен шетел асып жасырынуға тырысқан адамдарды анықтау және ұстау жұмыстарын жүзеге асырды», делінген хабарламада.

Қазір шекара әскерлерінің бөлімшелері нысандарда жауынгерлік кезекшілікті атқаруда.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT