Үкіметтің күш-қуатын экспортқа бағытталған басым салаларға шоғырландыру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңеске қатысып, бағдарламаның жартыжылдық қорытындысын шығарды, индустриялық дамудың жаңа бағыт-бағдарын Үкімет мүшелерімен бірлесе отырып, талқылап, телекөпір арқылы бірқатар өңірде кәсіпорындарды іске қосты. Кеңесті өткізбес бұрын Елбасы тамақ, жеңіл және фармацевтика өнеркәсібінің отандық кәсіпорындары шығаратын тауарлармен танысып, «Қазақстанда жасалған» деп аталатын көрмені аралап көрді.

«Индустрияландыру бағдарламасы экономиканың қолайсыз жағдайында сыртқы факторларының теріс салдарын әртараптандыру қажеттілігіне бағытталды. Сондықтан да, осы бағдарламаны жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруға тиіспіз. Оның қажет екенін біз білдік, бізге қарап басқа елдер де осыны жасап жатыр. Бұдан бөлек, дағдарыс жылдарында индустрияландыру саясатының өзекті бола түсті. Кәсіпкерлер мен инвесторлар өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды», - деді жиынды ашқан Қазақстан Президенті.

 

Индустрияландырудың 1-ші бесжылдығының нәтижесі қандай?

Осыдан кейін индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы, екінші бесжылдықта жүзеге асыру үшін атқарылатын жұмыстар мен алдағы уақыттағы міндеттер жайында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Өткен жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі нығайып, экономиканың драйверіне айналды. Егер біз дағдарыс алдындағы 2008 жылды базалық деп алсақ, өңдеу өнеркәсібі төрттен бірге өсті. Бұл тау-кен өнеркәсібін қоса есептегенде, өнеркәсіптің барлық секторларынан да артық. Өңдеу өнеркәсібі секторының көлемі жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, 2008 жылмен салыстырсақ, бұл сектордың өнеркәсіптің жалпы құрылымындағы үлесі жеті пайызға артты. Онда да кен шығару саласы 61-ден 51 пайызға дейін қысқарды. Өңдеуші сала дағдарыс кезінде өзінің тұрақтылығын көрсетті, - деп атап өтті министр.

Оның атап өтуінше, осы жылдар ішінде инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи максимумға қол жеткізіліп, инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 2 есеге өсті. Кәсіпорындардың технологиялық инновацияларға шығыстары 5,5 еседен асып түсіп, жылына 635 млрд. теңгеге жетті. Ал, бұл  отандық кәсіпорындардың шынайы түрде өздерінің өндірістерін жаңғыртып, еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін түсінгені десек те болады. 6 жылдың ішінде шамамен 200 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. 400-ден астам жоба ауылды елді мекендер мен шағын қалаларда жүзеге асырылды. Яғни, 1-ші бесжылдықта базалық шарттардың толық қалыптасқандығын айтуға болады.

«2-ші бесжылдықтың міндеті - жоғары шекті өнімдерге көшу арқылы базалық индустрия құруды аяқтау. Бұл дегеніңіз фосфор емес тыңайтқыш, қарапайым металл емес бұйым сатуға шығару дегенді білдіреді. 2025 жылға қарай Қазақстан өңірлік нарыққа нық орнығып, тек тауарлар ғана емес, оларды пайдалану бойынша нақты шешімдер әзірлей отырып экспортқа шығаратын болады. Соңғы нәтижеде, біз ЭЫДҰ елдерінің орташа еңбек өнімділігі деңгейін жетіп, таяу 20 жылда әлемнің индустриалды дамыған елдерінің қатарына қосылу сынды өршіл мақсаттар жүктеп отырмыз», - деді Ж.Қасымбек.

 

2-ші бесжылдық не береді?

Сонымен Индустрияландырудың 2-ші бесжылдығы ойдағыдай аяқталатын болса еліміздің экономикасы үшін қандай нәтижелер бермек? Мұны да министр Ж.Қасымбек өз баяндамасында тарқата айтып берді.

Оның атап өтуінше, қара металлургияда болаттың шағын салмақты алдыңғы қатарлы түрлерін дамытуға баса мән беріліп, дайын бұйымдар шығару артатын болады. Түрлі-түсті металлургияда кеннен металл алу кешенділігін арттыратын технологиялар жолға қойылып, дайын бұйымдар шығаратын шетелдік жетекші өндіріс ошақтарымен серіктестік күшейтіледі. Агрохимия саласында дайын өнімдер түрлері ұлғайтылып, барлық дерлік тыңайтқыш түрлері шығарылады. Мұнай-газ химиясы секторында Атырау облысында Интеграцияланған газ-химия кешені іске қосылады.

«Автомобиль жасау саласы бойынша 2025 жылға қарай жылына кемінде 200 мың бірлік көлік өндірісін жолға қою, таяу үш жылда 50 пайыздық таралымға қол жеткізу және Ресей мен Орталық Азия елдеріне автомобиль экспорттау жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар ол бағдарлама аясында өңдеу секторында 72 мың сапалы жұмыс орындарын құру арқылы 360 жобаны жүзеге асыру межеленгенін еске салды.

 

Іске қосылған жобалар

  Кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей телекөпір арқылы еліміздің 9 өңіріндегі 11 нысанды іске қосты. Солардың кейбіріне тоқталсақ. Мәселен, Павлодар облысында бірегей екі нысан іске қосылды. Біріншісі - теміржол білігін өндіріп, қос дөңгелек шығаратын тұңғыш зауыт. Еуропалық ірі өндірушілерден алынған инновациялық жабдықтары бар нысан ішкі нарықтан импортты ығыстыратын болады. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін зауыт өнімін алуға ұзақ мерзімді келісімшарт жасауда. Теміржол жабдықтарының 20 пайызы Ресейге тасымалданады. Бұл өңірде жүзеге асқан екінші жоба ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Жаңа жылыжайда голландтық раушандар топырақта емес, минералды мақтада тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Аумағы 5 гектар кешен қажетті жарықты Екібастұз МАЭС-1 стансасынан алады.

Бүгінде индустрияландыру картасы аясында ашылған жаңа өндірістердің экспорттағы үлесі 14 пайызды құрап, номенклатурасы 777-ден 824 тауарға дейін өсті. Экспортқа бағытталған сондай өндірістің бірі - Алматыдағы май өнімдерін шығаратын «ЭФКО Алматы» кәсіпорны. Бұл кешен Индустрияландыру картасы аясында қайта құрылып, жаңғыртылды. Мұнда арнайы мақсаттағы майлар өндірісі және май сығымдайтын қондырғы іске қосылды. Соя өңдеу, өсімдік майын ыдысқа құю желісі ашылды. Халықаралық талапқа сай май өнімдері елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады. Әрі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспортталады.

Мұнан бөлек, Астана қаласында жоғары сапалы, экологиялық таза гигиеналық қағаз өнімін шығаратын зауыт іске қосылды. Целлюлозаның 100 пайызы жоғары сортты ағаш сүрегінен алынады. Қағаз өнімдері Selpak брендімен биоыдырайтын орама түрінде шығарылады. Ал, Петропавлда К -704 Батыр маркалы тракторы құрылады, ол ежелгі К -700 тракторларынан әлдеқайда өнімді, үнемді әрі қауіпсіз. Бұл жоба солтүстік өңірде машина құрастыру кластерінің қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар Оңтүстіктегі Қазығұрт ауданының Майлыошақ ауылында алғаш рет тез тамақтану өнімдерін шығаратын жоба іске қосылды. Өндіріс өңірдің тез әзірленетін тағамды сырттан тасуын азайтады. Әрі жергілікті халықты жұмыспен қамтиды.

 

Үкіметтің күш-қуатын экспортқа бағытталған басым салаларға шоғырландыру керек

Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін түйінді сөз айтқан Қазақстан Президенті индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бастапқы кезеңі елдің ішкі өндірісі мен қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрінетін әлемдік экономикадағы түйткілдердің көбеюі кезеңімен сәйкес келгенін атап өтті. «Баршамыз көріп отырғандай, ел экономикасы тауарларымызға деген сұраныс пен бағаның төмендеуі арқылы көрініс тапқан зор сыртқы қысымды сезінуде. Елдегі экономикалық белсенділік көп жағдайда ауқымды мемлекеттік инвестициялар арқылы қолдау тауып отыр. Сондықтан қазіргі кезде экономика өсімінің жаңа көздерін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, алдағы жылдары Үкіметтің күш-қуатын бірнеше экспортқа бағытталған басым салаларға шоғырландыру керек. Мысалы, олар өнеркәсіп саласында азық-түлік өнімдері өндірісі, металлургия, машина жасау, агрохимия және мұнай химиясы өндірісі болуы тиіс. Қызмет көрсету саласында көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік-техникалық қызметтер және туризмге назар аудару керек. 2025 жылы шикізаттық емес экспортты 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыруға қол жеткізу қажет», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жоспарын толықтыруға қосар бірқатар ұсыныс та айтты. «Біздің қызметіміздің басты мақсаты - халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі. Бұл үшін бізге бірқатар міндеттерді орындау керек, соның ішінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Халыққа, жастарға әсіресе ауылда өз ісін бастауға мүмкіндік беру керек. Бастапқы капитал алуды жеңілдетіп, шағын несие беру аясын ұлғайтқан дұрыс. Агроөнеркәсіп кешеніне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде ол негізінен халықтың жеке үй шаруашылығынан тұрады. Өндіріс көлемі аз болғандықтан, олардың сақтауға, өңдеуге және өнімді өткізуге мүмкіндіктері жоқ. Олардың өнімдерін өңдеу және өткізуді қамтамасыз ету үшін осындай шаруашылықтардың кооперациясын жеделдетіп дамыту қажет, - деді Елбасы.  

Қазақстан Президентінің айтуынша, тағы бір маңызды міндет - таяу 15 жылда 1,5 миллион отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте қаржыландыру Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі мен Қазақстандық ипотекалық компания арқылы жүргізілуге тиістігі де баса айтылды. «Барлық қаражатты шоғырландырып, арнаулы шарт жасалатын екінші деңгейлі банктер арқылы бағыттау керек. Мемлекет өзіне тек бақылау міндетін қалдыруы қажет. Сонымен қатар, болашақта жұмыс күші қозғалысының мобильділігін қамтамасыз ету үшін сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана берген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Кеңесті қорытындылаған Ұлт көшбасшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар еліміздің дамуы үшін жаңа сапалы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

 

Жұмысшы жалақысыз қалмауы тиіс

Осы аптадағы Үкімет  отырысында жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты қаралды. Бұл мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жол картасына білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының 3-тен бірі уақытша субсидиялау, жұмыс берушілер тарабынан оқуға гранттар бөлу, жұмыс істейтін жастарды жұмыс орындарын сақтау шартымен оқыту сынды тетіктер енгізілген. «Бүгінгі күні Білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысын субсидиялауға 14 кәсіпорыннан 3 мың қызметкерден өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта ұсынылған мәліметтер кәсіпорындарға бару арқылы тексерілуде. Таяу уақытта ол тізім Дариға Нұрсұлтанқызының (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаева - агентт.) төрағалығымен өтетін ведомствоаралық комиссияда қаралатын болады», - деді министр.

Сонымен қатар ол жұмыс істеп жатқан 105 жас маман жұмыс орындарының сақталу шартымен кәсіптік оқуға жіберілгенін атап өтті. Жұмысынан айырылған 55 пен 64 жас аралығында 246 адам қызмет көрсету саласы үшін қайта дайындыққа және біліктілік арттыруға жіберілгендігін еске салды. Жалпы, бағдарламаның арқасында 167 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болып, жұмыс істеуге жәрдем алды. «Барлық шаралардың еңбек нарығындағы ахуалға оң ықпалы бар. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысында жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз деңгейінде сақталды», - деді ол. 

Мұнан бөлек, Т.Дүйсенова ағымдағы жылдың басынан өңірлерде жұмыспен қамтудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқандығын, онымен 417 мыңнан астам адамды қамту көзделгенін еске салып өтті. Айта кетерлігі, бүгінгі күні жұмысқа орналастыру шараларымен 167 мың адам қамтылған.

 «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жол картасына» 101 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 1177 инфрақұрылымдық жобаны, сонымен бірге 26 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны жүзеге асыру жоспарланған. Толықтай алғанда, 20 мың жұмыс орны қарастырылған. Бұл мақсаттарға өңірлерге 4,4 млрд. теңге бағытталды. 830 жоба бойынша байқау аяқталды және 470 жобаны жүзеге асыру басталды. Оларға шамамен 5 мың адам жұмысқа тұрды», - деді министр.

Ол БҚО, ОҚО, ШҚО, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы, Астана қалаларында жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы 40 пайызға жетпейтіндігін айтып, жұмыстарды жеделдетуді сұрады.

Осы ретте баяндамашыны тоқтатқан Премьер-Министр алдағы аптада өтетін Үкіметтің келесі отырысында жалақы төлеу мәселесіне қатысты бірқатар өңірдің баяндамасын тыңдағысы келетіндігін баса айтты. «Жұмыс орындарында еңбекақы төлеу мәселесі ағымдағы мәселеден өзекті мәселеге айналып кетуі мүмкін. Үкіметтің келесі отырысында жалақылардың төленуі мәселесі бойынша аймақтар әкімдерінің баяндамаларын тыңдасам деймін. Осы аптада кәсіпорындармен белсене жұмыс жасап, қай жерде не, қалай болып жатқанын, қандай шаралар қабылдау керектігін анықтау керек», - деді К.Мәсімов.

Сонымен қатар ол таяуда Қарағанды облысына жұмыс сапарын жасап, ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың басшыларымен кездескенін еске салып өтті.

«Олар маған Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмысшы қызметкерлерінің қысқартылмайтындығына уәде берді. Яғни, олар кәсіпорындар бірде-бір адамның қысқармайтындығын, олардың жалақылары төленетіндігін айтты. Дегенмен, мұнан бөлек бізде орта және шағын кәсіпорындар көп, экономикалық ахуал оларға арқа сүйейді. Сондықтан бұл мәселе біздің бақылауымызда болуы тиіс. Келесі аптада біз оны тыңғылықты қарайтын боламыз», - деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Т.Дүйсенова жыл басынан мемлекеттік инспекторлар ел кәсіпорындарының ағымдағы берешектері 2,8 млрд теңге көлемінде анықталып, дағдарысқа қарсы штабтың қабылдаған шараларының арқасында оның 2,4 млрд теңгесі өтелген айтты.

«Дегенмен, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтың мәліметтерінде жалақы бойынша жалпы берешектің көлемі бүгінде 1,6 млрд теңгені құрап отырған көрсетілген. Оның ішінде үш айға дейінгі ағымдағы берешектер 514 млн теңгені, үш айдан асатын уақыты өтіп кеткен берешек шамамен 134 млн теңгені құрайды. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда, бұл ең көлемдісі  - 955 млн теңге. Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сіздің тапсырмаңызды ескере отырып, келесі аптада әкімдерімен бірлесе отырып жан-жақты ақпарат беретін боламыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар