Үкіметтің ақшасын әрбір фермерге жеткізуіміз керек - Әуезxан Дарынов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің шешіміне сәйкес, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-сы үшінші сұрыптағы бидайдың 2 млн тоннасын 42 мың теңгеден сатып алатын болды. Қазақстан фермерлері одағының президенті Әуезxан Дарыновтың айтуынша, ендігі кезекте осы ақшаны әрбір диқанның қолына тигізу керек, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақшаның бөлінгені ол - шаруаның жартысы ғана. Енді, соның бәрін шаруа қожалықтарына жеткізу керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде нешетүрлі жағдайлар бар. Әкімге жақын отырғандар, басқалары бұрын алып қоюы мүмкін. Сондай жағдай болмас үшін біз үкіметке ұсыныс жасадық. Жергілікті жерде әкімшілік қызметкерлерімен бірге Қазақстан фермерлері одағының мүшелері болуы керек. Қаржы фермерлердің біреуіне жетіп, біреуіне жетпей қалмауы қажет», - деді Ә.Дарынов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ұйым басшысының айтуынша, диқандардың астығын жоғары бағамен сатып алу мәселесі екі айдан бері көтеріліп келеді. Фермерлер одағы министрлікке де, үкіметке де арызданды. Соның нәтижесінде астық бағасының күрт төмендеуіне қарамастан, диқандардың өнімін бұрынғы бағамен сатып алу туралы шешім қабылданды.

Әрбір фермерге тиесілі астықтың 20-30 пайызы сатып алынады. «Әрине, үкіметке астықтың бәрін сатып ал деп айта алмаймыз. Бірақ есептей келе, ең болмаса, біздің жинаған астығымыздың 20-30 пайызын сатып алса, жұмысшылардың жалақысын, қарыздың бір бөлігін жабуға болады. Сосын осы уақытта қарды ұстау қажет. Өйткені қар деген - келесі жылдың ылғалы. Қазір ылғалды ұстап қалсақ, келесі жылда астықты көбірек алуға болады», - деп атап көрсетті Ә.Дарынов.

Айта кетейік, Үкіметтің кешегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев диқандардың астығын жоғары бағамен сатып алуға тапсырма берді.

Р Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша,  қыркүйек айынан бастап ішкі нарықта астықтың бағасы төмендеп кеткен. Оған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, биыл Ресейде астық рекордтық көлемде жиналды. Содан Қазақстанмен шекаралас аймақтарда арзан астық көбейіп, заңсыз жолмен тасымалдана бастады. Екіншіден, вагондардың тапшылығы өзекті болып тұр. Вагон жетіспегеннен кейін xалықаралық трейдерлердің талаптары орындалмайды. Үшіншіден, Азық-түлік корпорациясы сылбыр қимылдап жатыр.

«Соңғы бір апта бойы біз осы мәселені күнде пысықтап келеміз. Барлығы қолдап отыр. Қаржының көзін анықтадық. Бағаны 42 мың деп белгіледік. Енді, астықты сатып алу шараларын абыроймен атқарып шығу қажет. Оны жылдам әрі ашық түрде өткізу керек. Осыған байланысты облыс әкімдері арнайы штабтарды құрсын. Оған әкімдік қызметкерлерін ғана емес «Атамекен» палатасы мен Қазақстанның фермерлері одағын да тарту қажет. Ақша адресатқа жетуі тиіс. Ресейдің астығына, иә болмаса, бір қолға кетіп қалмасын. Сондықтан осы мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар!», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы. 

Соңғы жаңалықтар