Үкіметтік комиссия Байқоңырдағы экологиялық жағдайды зерттейтін болады

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Байқоңырда орын алған «Протон» зымыранының апатына байланысты құрылған үкіметтік комиссия өңірдегі экологиялық жағдайды зерттейтін болады.

Бүгін Үкіметте аталған мәселеге орай өткен кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов Қоршаған ортаны қорғау министріне осындай тапсырма жүктеді.

«Орын алған оқиғаға байланысты Қоршаған ортаны қорғау министрінің басшылығындағы үкіметтік комиссия құруды тапсырамын. Ол ғарыш айлағындағы оқиғаның өңірге, Қазақстан Республикасының жақын аумақтарына экологиялық ахуалына әсерін тексерулері керек», -деді С. Ахметов.

Еске салсақ, бүгін ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымның 10 секундында жерге құлап, жарылды. Бұл оқиға ұшыру алаңынан 2-3 шақырым жерде орын алды.

Үкімет басшысының жетекшілігімен өткен шұғыл кеңесте Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев оқиға орнында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жедел шаралар туралы хабарлады.

Соңғы жаңалықтар