Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грант конкурсы басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грант беру конкурсы басталды. Байқау туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Ғалым Құрман айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтік емес ұйымдарға 1 млрд 292 млн теңге мемлекеттік грант қаржысы қарастырылып отыр. Мемлекеттік грант конкурсы бүгін басталды және ол 6 бағыт бойынша өтеді. Грант орындалу мерзіміне қарай үшке бөлінеді: қысқа, орта және ұзақ мерзімді. Оның ішінде қысқа және орта мерзім бойынша өтініш 1 ақпанға дейін, ал ұзақ мерзімді грантқа өтініш 15 ақпанға дейін қабылданады», - деді Ғалым Құрман министрліктің Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында.

Биыл ҮЕҰ-ға 47 мемлекеттік грант қарастырылып отыр. Оның 22-сі қысқа мерзімді, 16-сы орта және 9-ы ұзақ мерзімді жоба.

«Байқауды өткізуде біз оператор рөлін атқарамыз. Мемлекеттік гранттарды бөлуді тәуелсіз сарапшылар бағалап, анықтайды. Конкурс бойынша бағалаудың өз критерийлері бар. Байқауға барлық өңірден үкіметтік емес ұйымдары қатыса алады», - дейді спикер.

Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грант мына 6 бағыт бойынша бөлінеді:

1) халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау;

2) азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу;

3) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау;

4) қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту;

5) жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау;

6) отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу.

Қатысушылар өтінімді қағаз немесе электронды түрде Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қ., Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 11/5, «Нұрлы Орда» БО, 5-қабат, 504/3 кабинетке және [email protected] электрондық поштасына жолдауы қажет.


Соңғы жаңалықтар