Үкіметтік емес ұйымдар қызметі туралы мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына тапсыруы керек - комитет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Азаматтық қоғам істері комитеті ҮЕҰ қызметі туралы мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына тапсыруға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитеттің ақпараты бойынша, 2020 жылдың 31 наурызында үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына ұсыну мерзімі аяқталады.

«Осыған байланысты жеке мекеме, қоғамдық бірлестік (саяси партиялар, діни бірлестіктер мен кәсіптік одақтар түрінде құрылған қоғамдық бірлестіктерді қоспағанда), коммерциялық емес акционерлік қоғам (құрылтайшысы немесе акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға қоспағанда), қоғамдық, корпоративтік және жеке қорлар, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі нысанындағы үкіметтік емес ұйымдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктеріне infonpo.gov.kz веб-порталында электрондық есептілік нысанын уақтылы толтыруды ұсынады», делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҮЕҰ дерекқорында тіркелу мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде әлеуметтік бағдарламаларды және (немесе) әлеуметтік жобаларды іске асыруға, сондай-ақ ҮЕҰ үшін сыйлық алуға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болады.

Мәліметті электронды түрде infonpo.gov.kz веб-порталы арқылы ұсыну үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесінде электрондық цифрлық қолтаңба алу қажет. Ал, мәліметті интернет арқылы тапсыруға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін пошта арқылы немесе қолма-қол қағаз және электрондық тасығышта (CD-дискі немесе DOC, DOCX форматында USB-флэш-жинақтағышта) тапсыру мүмкіндігі бар.

ҮЕҰ қызметі туралы мәліметтерді пошта арқылы немесе қолма-қол ілеспе хатпен мына мекенжайға жіберу қажет: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, 14-кіреберіс, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді уақтылы ұсынбағаны үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.


Соңғы жаңалықтар