2014 жылғы 7 тамыз 06:04

Үкіметті қайта құру кәсіпкерлердің жұмысын оңайлатпақ - Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі А.Қошмамбетов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында талқыланған мәселелерге қатысты қазақстандықтар өз пікірін білдіруде. Әсіресе, Үкіметтің қайта құрылуы үлкен талқылау тудырды.

Мемлекеттік аппараттағы мұндай өзгерістер кәсіпкерліктің дамуы мен бизнеске қалай ықпал етпек? Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

«Мемлекеттік органдарды оңтайландыру мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсартуға, оны қарапайымдандыруға бағытталған. Аз штатты басқарудай оңай болмақ. «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру үшін де осындай оңтайландыру қажет болды. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасының артуын қамтамасыз етеді. Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынас та жақсара түседі», - деді ол.

Оның ойынша, министрліктер мен ведомстволардың қысқаруы кәсіпкерлердің уақытын да, төзімін де үнемдейтін болады.

«Жалпы алғанда, Үкіметтің қысқаруы еңбек тиімділігін арттырады», - деді ол.

Маманның айтуынша, Елбасының ұйымдастырылмаған базарларды жою туралы мәселені көтеруі де кәсіпкерлер үшін өзектілігін жоғалтпай отыр.

«Бұл жерде ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңды жұмыс істей алатын өңірлік сауда торабын құру бастамасын алға тартқан. Онда мемлекеттік органдар мен саудагерлердің қарым-қатынасын жақсарту көзделген. Біз ұсынған схема өте тиімді деп ойлаймын», - деп қорытындылады А.Қошмамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кабинетінің қайта құрылатындығын жария етті.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметінің құрамында 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент болса, құрылымдаудан кейін 12 министрлік пен 30 комитет қана қалды. Ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кірді.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT