Үкіметте Шымкент қаласын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылдың 29 сәуірінде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді», - деді қала әкімі.

Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылмақ.

«Республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд теңге және 68 млрд теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтылмақ», - деді Ғ. Әбдірахымов.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2023 жылы ауыз сумен қамту 93-тен 98 пайызға, кәріз жүйелері 49-дан 75 пайызға, сапалы электр желісімен 91-ден 96 пайызға, газбен қамту 92-ден 98 пайызға жетеді.

Соңғы жаңалықтар