Үкіметте Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестің отырысы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі сараптама кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Кездесу барысында елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі ретінде Қазақстанда туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды.

«Globalink Logistics Group» бас директоры Сидик Хан, «Masterconcept Consulting GmbH» компаниясының президенті Гернот Лейтнер және «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев кеңеске қатысушылардың назарына «Іле Алатауы» тау шаңғысы туристік кластерін дамыту жобасын, туризмді дамытудың қазіргі жағдайының талдауын ұсынды және осы салада Қазақстанның мүмкіндіктерін іске асыру бойынша ұсыныстар жасады.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп жатқанын және осы процеске сарапшылардың қатысуы әзірлеушілер үшін өте маңызды екенін атап өтті. Бағдарламада инфрақұрылымдық және маркетингтік мәселелерді, туристерге арналған мемлекеттік қолдау және қауіпсіздік шараларын қарастыру көзделген. Жобаларды мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында іске асыру жоспарда бар.

Сараптама кеңесі мүшелерінің пікірінше, еліміздің әлеуеті жылдың барлық төрт маусымында Қазақстанды туристік орын ретінде дамыту үшін жеткілікті түрде жоғары. Табиғи-климаттық жағдайлар жағажайлық әрі тау шаңғысы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндік береді. Туристердің әртүрлі санаттары үшін ыстық күн, құм және көлдер, Каспий теңізі бар, онымен қоса қар, шаңғы, түрлі тау ойындары, музыка, фильмдер мен фестивальдар, табиғат, далалар, экотуризм, қымбат емес ішкі туризм, сауықтыру орталықтары, бай мәдениет пен мұраны зерттеу мүмкіндігі де бар.

Бұдан өзге, отырыс барысында пікірталастарға «Сентрас» компаниялар тобының бас директоры Е. Әбдіразақов, «Resmi компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қ. Мәжібаев, CentrАsia Group директорлар кеңесінің төрағасы А. Құдайберген, «Arman Holding» компаниясының президенті С. Бисекеев және т.б. қатысты.

Соңғы жаңалықтар