Үкіметке тиісті сауалдар қоямыз – Мәулен Әшімбаев Екібастұздағы апат туралы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Екібастұз жылу-электр орталығындағы апатқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұздағы жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Мұндай жағдай болмауы керек еді. Тиісті қорытындылары шығарылып жатыр, кінәлілер жауапқа тартылады. Тиісті тапсырмалардың бәрін Президентіміз берді. Тез арада осы жағдайды жөндеу үшін барлық керекті шаралар жүргізілуде. Мұны қазіргі уақыттағы ең басты мәселе десек, артық болмайды. Сондықтан осындай қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу үшін барлық керекті шешімдерді жасауымыз керек», - деді М. Әшімбаев Сенат кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Сенат төрағасы стратегиялық нысандарды мемлекетке қайтару мәселесіне де жеке тоқталды.

«Бұл да маңызды мәселенің бірі және барлығы заң аясында жүргізілуі керек. Осы жағдайдан кейін кім жауапты болды, қалай болды, неге дайындық жұмыстары жасалмаған деген сұрақтардың барлығына тиісті органдар жауап береді. Содан кейін осы нысандарды мемлекетке қайтару мәселесі қаралады. Сондықтан бұл жерде нақты осы объектіге қатысты бір нәрсе айтуға әлі ерте. Жағдай дұрысталсын, халыққа жылу берейік, әлеуметтік мәселлерді шешейік, содан кейін осы нысанды Мемлекетке қайтару қарастырылады», - деді спикер.

Мәулен Әшімбаев «қала, облыс әкімдері отставкаға кетуі керек пе?» деген сұраққа жауап берді.

«Бұл жерде кешенді жауапкершілік болуы керек шығар. Қазір апатқа жауапты адамдарды анықтау керек. Қала, облыс әкімдіктері бар, инвесторлар бар, компания қожайындары бар, тексеруші органдар неге уақытында қарамады деген сұрақ туындайды. Сондықтан кешенді шешім қабылдау керек шығар, бір адамды кінәлі етіп көрсету жағдайды толық көрсетпейді», - дейді М. Әшімбаев.

Сонымен бірге, Сенат осы мәселе бойынша Үкіметке тиісті сауалдарын жолдайды.

«Біз Парламент тарапынан да осы мәселелерді көтереміз. Қазір біз жағдайдың реттеліп, жылу электр станциясының іске қосылуын және Екібастұз тұрғындарының жылу алуын күтеміз. Өз тарапымыздан да Үкіметтің алдына тиісті сұрақтарды қоямыз, Үкімет қазір де еліміздің басқа өңірлерінде мұндай ТЖ болмау үшін шаралар қабылдап жатыр», - деп түйіндеді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Екібастұзда 25 көппәтерлі, 90 жер үй жылусыз отыр.


Соңғы жаңалықтар