Үкіметке нақты орындай алатын басымдықтарды белгілеп үйрену керек - Жеміс Тұрмағамбетова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адам құқықтарының хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтары саласындағы бастамасына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық мүдделерді ескере отырып, адам құқықтары саласындағы заңнамалық және практикалық шараларды дәйекті қабылдау туралы бастамасын қолдаймын. Біз мұның жаңа бастамалар ғана емес, қолданыстағы заңнама мен практиканы қайта жүктеу екенін түсінуіміз керек», - деді Жеміс Тұрмағамбетова ҚазҚапарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Сарапшы қолданыстағы тетіктің тиімділігіне жай ғана тұрақты мониторинг жүргізіп қоймай, ол іске азаматтық қоғамды, ұлттық және халықаралық сарапшыларды, ғалымдарды тарту керектігін айтады.

«Барлық ұсыныстар жан-жақты талқылануы керек. Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті орындарда іс жүзінде жұмыс істеуі маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі сайланған алғашқы күндерден бастап Адам құқықтарын өз саясатындағы басым бағыт етіп алды. Қолданыстағы заңнамалық механизмдер мен тәжірибенің біртекті және тиімді болуы маңызды. Бұл тек атқарушы органдардың қызметіне ғана емес, сот практикасына да қатысты», - дейді қоғамдық қордың жетекішсі.

Сарапшы кез келген бастама қолға алынбай тұрып, қоғамның талқысына түскенде ғана өміршең болатынын айтады.

«Мысалы әйелдердің, мүгедек адамдардың мүмкіндіктерін қолдау және кеңейту бөлігінде ғана емес, Конституциямен кепіл берілген адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері де осындай талқылау арқылы енгізілуі керек», - деп түсіндірді Жеміс Тұрмағамбетова.

Қоғамдық қордың өкілі Үкіметтің алдына жыл соңына дейін мемлекет дамуы үшін бірінші кезекті мәселе болып саналатын кешенді шаралардың жоспарын қабылдау міндеті қойылғанын да оң үрдіс ретінде бағалап отыр.

«Әзірленген шаралар азаматтық қоғам өкілдерінің бұрыннан көтеріп жүрген ұсыныстарын ескергені маңызды. Мысалы, Үкімет назар аударуы тиіс маңызды мәселелердің бірі – қызметтің белгілі бір түрімен айналысуға сот арқылы тыйым салу мәселесі. Бұл мәселені мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен талқыладым. Үкіметке жыл сайын нақты орындай алатын басымдықтарды белгілеп отыруды ұсынамын. Бұл адам құқықтары саласындағы міндеттемелерді кейінге қалдыра беру тәжірибесін жояды. Сондай-ақ, Үкімет заңнамалық шаралар қабылдап, тәжірибені жақсарту арқылы барлық қабылданған шешімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек», - деп түйіндеді қоғамдық қор басшысы.


Соңғы жаңалықтар