Үкіметке балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкіметке балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің балық өнімдері нарығының 2019 жылғы жалпы көлемінің құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мың, экспорт – 30 мың, ал импорт – 45 мың тонна болды. Балық өсіру балық шаруашылығын дамытудың қарқынды өсіміне айналуға тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша осыған орай, министрлік ғалымдармен және сарапшыларымен бірлесіп, балық шаруашылығы саласының дамыту потенциалына талдау жүргізген. Соның нәтижесінде республиканың су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатыны анықталған.

«Бұны біз кезең-кезеңмен іске асыруды жоспарлап отырмыз. Болжам бойынша әлеуеттің 45%-на 2030 жылы, ал 55%-на 2040 жылға дейін қол жеткізіледі. Министрлік облыс әкімдерімен бірлесіп балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі. Олардың негізінде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі салалық бағдарламасы жасалды. Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес, 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар