Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың еңбек дауларын болдырмауға қатысты жұмысы мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі деуге болады. Үкімет жұмыс берушілер және жұмысшылар ұйымдарымен бірлесіп, үшжақты комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдау керек. Өңірлерде үшжақты комиссияларды әкімдердің өздері басқаруға тиіс», - деді ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында

Мемлекет басшысы туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн екендігін баса айтты.

«Тағы да қайталап айтамын, біздің басты міндетіміз - халықтың әл-ауқатын арттыру. Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Бұл оңай жұмыс емес. Өйткені, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің мүдделері және бюджеттің мүмкіндігі арасындағы теңгерімді табу өте маңызды. Жұрттың күтіп отыратыны да осы. Қазақстан халқына Жолдауымда бұл бағыттағы нақты шаралар жөнінде айтуым керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар