Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысына тағы 10 млрд теңге бөлмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жолдауда көрсетілген міндеттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылғанындай, алдағы бес жылда «7-20-25» бағдарламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды.  Яғни, жас отбасылар мен бюджеттік саланың қызметкерлеріне бастапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бұдан басқа, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы 71 мың әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін үймен қамтамасыз етуге арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылған.

Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып өткендей, мемлекеттік қаражатқа 20 мың жалға берілетін және 56 мың несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады.

Сондай-ақ, Үкімет салынып жатқан үйлерді желілерге қосу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 100 млрд теңгеге дейін қаржы салу мәселесін қарастыруда. Бөлінген қаражат ауылдардың 80%-ын сапалы сумен қамтамасыз етеді және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартады.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажеттігін тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар