Үкімет жалға беретін үйлерде көпбалалы отбасылар қанша уақыт тұра алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар жалға берілетін пәтерде қанша уақыт тұра алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің тұрғын үй мәселесіне қатысты заң, шынында да, әлеуметтік бағыттарды көздейді. Бұл біздің мемлекеттің идеологиясы мен саясаты екенін айта кету керек. Сол себептен, қандай да бір шектеу қойып отырған жоқпыз. Мәселен, бір отбасы жалға берілетін пәтерді алатын болса, қандай да бір жасқа жеткенше, қартайғанша тұра алады дегендей шектеу жоқ», - дейді Қайырбек Өскенбаев Үкіметте өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, бастапқы келісімде жазылған болса, отбасы мүшелері ол үйде уақыт шектеуінсіз тұра алады.

«Ең бастысы - біздің заңдағы құжаттарда ЖСН нөмірімен тіркеуде тұрған азаматтар пәтерді ала алатыны туралы ережелер жазылатын болады. Есімін тіркеп, жалға берілген пәтерді алған азаматтар - қанша уақыт болса, сонша тұра беруіне болады. Оларды ол пәтерден ешкім көшіріп жібермейді. Олар жалға берілетін пәтерлерде жағдайын жақсартқанша, басқа үйге көшкісі келгенше тұра береді», - дейді спикер.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында Қайырбек Өскенбаев биыл 6 мың пәтер көпбалалы отбасыларға жалға берілетінін мәлім еткен болатын. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 31750 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр.

«2025 жылға дейін қаражат толық көзделгенін өздеріңіз білесіздер. 40 мыңнан астам пәтер саламыз деп отырмыз. Биыл жалға берілмейтін және сатылмайтын 6 мың пәтерді тапсырамыз. Ол жұмыс басталып кетті», - дейді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар