Үкімет үш жылда «Самұрық-Қазынаға» 212 млрд теңге бағыттамақшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы анықтама жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анықтамадағы мәліметке сүйенсек, ведомствоның үш жылдық бюджеті 1 трлн 162,9 млрд теңге болмақ.

Оның ішінде:

- 2023 жылы – 709,4 млрд теңге;

- 2024 жылы – 231,6 млрд теңге;

- 2025 жылы – 221,8 млрд теңге игеру көзделген.

Бұл шығыстар үш стратегиялық бағытты іске асыруға жұмсалуы керек:

- Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетін арттыру үшін үш жылға 718,3 млрд теңге қарастырылған.

- Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін үш жылға 412,5 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

- «Құпия» шығыстарға үш жылда 1,8 млрд теңге жұмсау көзделген.

Құжатта қалған 30,3 млрд теңге стратегиялық бағыттан тыс шығындарға жұмсалатыны айтылған.

«Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетін арттыру» деп аталатын бірінші стратегиялық бағытқа үш жылда жұмсалатын 718,3 млрд теңгенің 212,1 млрд теңгесі «Самұрық-Қазынаға» бағытталмақ.

Нақтырақ айтсақ, 162,6 млрд теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеті мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін берілетін кредитке бөлінеді.

Ал 49,5 млрд теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға жұмсалмақ.


Соңғы жаңалықтар