+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Үкімет тарапынан аштық пен зұлмат жылдарын нақты зерттейтін мемлекеттік комиссия құрылуы керек - И. Елекеев

2009 жылғы 7 қазан 16:23
Бөлісіңіз:

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет тарапынан 1920-1930 жылдары Қазақстанда орын алған аштық пен зұлмат мәселелерін зерттейтін мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ирак Елекеев осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары жарық көрген демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың зерттеулері мен ағымдағы қыркүйектің 11-інде Алматыда өткен «Ашаршылыққа саяси баға беру» атты ғылыми конференция осы мәселені көтеруіме ықпал етіп отыр. Ресми деректерге назар аударсақ, Қазақстандағы қазақтар саны 1926 жылғы санақ бойынша 3 млн. 969 мың болса, 1930 жылы 4 млн. 317 мыңға жеткен. Ал 1937 жылғы санақ қорытындысы 2 млн. 836 мың адамды құрап, осы аралықта 1 млн. 454 мың адам жоқ болып кеткен. Ғалым М.Тәтімов сол санақтың арасында 616 мың адамның өз орнынан шетелге көшкенін және 30-шы жылдардағы аштықта 2 млн. 230 мың қазақ қырылғанын айтады. 2009 жылғы қыркүйектің 11-індегі конференция мінберінен де 1920-1930 жылғы зұлматтардан жалпы саны 4 млн. 100 мың қазақ қырылғаны жөнінде мәлімет келтірілді. Олар бұған 20-шы жылдардағы аштық, 1937-39 жылдардағы репрессия құрбандарын енгізген болуы керек. Неде болса, бұл ұлттық қасірет қазақ халқының басынан кешкен 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыдан» 2,5-3 есе көп. Тарихи деректер мен тарихшылардың айтуынша, бұл Ф. Голощекин бастаған «кіші Октябрь» атты қазақ жеріндегі қолдан жасалған қырғын. Конференцияда ғалым Салық Зиманов сол кездегі 40 млн. бас малдан 4 млн. ғана қалғанын айтты», деді депутат.

Осыған байланысты И. Елекеев Үкімет тарапынан аштық-зұлмат жылдарын нақты зерттейтін мемлекеттік комиссия құру туралы ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, еліміздің өңірлерінен ашаршылық құрбандарына ескерткіш-кешендер де орнатылып, Үкімет тарапынан құрылған комиссия ондай ескерткіштерді қай жерге орнатуды ұсынуы керек.

«Келер ұрпақ бір кезеңдердегі ел нәубетін ұмытпас үшін мектеп оқулықтарына зұлматты жылдар тарихы мен ақтаңдақтары туралы кеңірек мағлұматтар енгізілуі тиіс. Ашаршылық құрбандары барша қазаққа, тіпті осы залда отырған менің әріптестерімнің бәріне қатысы бар. Өлгендер әрбіреуіміздің атамыз, бабамыз, керек болса қандасымыз. Оларды ешқашан естен шығармауымыз керек. Сол нәубетті жылдар халқымыздың өсу санын 100-125 жылға шегеріп тастады. Қазіргі ғалымдардың «зұлмат жылдар болмаса, қазақтың саны қазір 30 млн-ға барып қалар еді», деген болжамдары жай емес. Қазақстан деген мемлекетке түбір ат беріп отырған қазақтарды, олардың өшкені мен өткенін Үкіметпен бірге іздестірейік»,- деді И.Елекеев.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT