Үкімет сыртқы қарызды қалай азайтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның сыртқы қарызы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздің сыртқы қарызы 165 млрд долларды құрап отыр. Аталған ақшаның төрттен бір бөлігі - мемлекеттік қарыз, бірақ ұлттық компаниялардың сырттан алған қаржысы одан да көп болып тұр. Сондықтан жылдың соңына дейін осы берешектің сомасын екі процентке азайту жоспарланған. "Квазимемлекеттік сектордың, яғни ұлттық компаниялардың қарызы тым көп. Ішкі жалпы өнімнің 27 процентін квазимемлекеттік сектордың қарызы алып отыр. Жылдың аяғына дейін аталған көрсеткіш 25,1 процентке түседі деген жоспар бар. Сосын бүгінде ұлттық компаниялар сырттан қарыз алса, ол ақшаны не үшін алатынын және қайда жұмсайтынын көрсетуі керек. Ол үшін арнайы ведомствоаралық комиссияға өтінім беріледі. Барлық мемлекеттік органдар сырттан ақша алу қажет пе, жоқ па, соның бәрін сараптап шығады. Соның негізінде комиссия өз шешімін шығарады. Бұл - заңның талабы. Бұдан бөлек, қаржы министрлігі тікелей бақылау шараларын жүргізіп отырады. Осының нәтижесінде квазимемлекеттік сектордың қарызы жылдың соңында 2 процентке төмендейді деген жоспарымыз бар", - деді Т.Сүлейменов xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік қарызға Үкімет, Ұлттық банк пен жергілікті атқарушы органдардың берешегі кіреді. "Қазір мемлекеттік қарыздың көлемі шамамен 40 миллиард долларды құрап отыр. Негізі, фискалды саясат бойынша аталған соманы бақылау қиын емес. Барлық есеп-қисаптар уақытында тапсырылады", - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгінгі кездесу кезінде министр байлыққа салық салу мәселесіне қатысты өз ойын айтты. Оның айтуынша, жақында криптовалюта мәселесі арнайы кеңестің талқылауына шығарылады. Бас экономист қай мамандықтардың жойылатынын да айтты. 

Соңғы жаңалықтар