Үкімет Президент Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындауға кірісті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы лауазымына сайланғаннан бергі үшінші Жолдауын жария етті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда ел Үкіметіне 70-ке жуық нақты тапсырма жүктелген. Осыған орай бүгін Министрлер кабинеті мүшелерінің басын қосқан Премьер-Министр Асқар Мамин бірқатар министрдің Президент тапсырмаларын орындау бағытында атқаратын жұмыстарын тыңдап, өз тарапынан да оларға міндеттер жүктеді.

Өңірлер дамиды

Алдымен сөз тізгінін алған ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында мемлекеттік қаржыны басқару, инфляцияға қарсы әрекет ету, кәсіпкерлікті дамыту, өңірлердің теңгерімді дамыту бағыттары бойынша жұмыс жүргізетінін айтады. Бағыттарды тарқатар болсақ, мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленбек. Тұжырымдама бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыруын және пайдалануын басқару мәселелерін қамтиды. Ал бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді.

«Микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізіледі. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.

Министрдің айтуынша, еліміздің әрбір өңірінің бәсекелестік артықшылықтарын айқындайтын іс-шараларды қамтитын өңірлік дамудың жаңа тәсілдері әзірленеді.

Ол үшін «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң дайындалады. Оның аясында орталық қала мен шеткері аймақ арасында функцияларды нақты бөлу жолымен институционалдық дамыту көзделеді. Бірыңғай қала құрылысы агломерацияларын жоспарлау енгізіледі. Аумақтық даму жоспарында «Адамдарды – инфрақұрылымға» жақындату қағидаты бекітіледі. Бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес, Өңірлерді дамыту жоспарларын жаңарту да көзделіп отыр. Қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрайды.

«Тұтыну тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында инфляцияға қарсы әрекет ету іс-шараларының кешені әзірленеді. Нарықты отандық өндірістің тұтыну тауарларымен молықтыруға бағытталған жедел және орта мерзімді іс-шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ ақша-кредит саясаты мен қаржы нарығын реттеу іс-шаралары көзделген», - деді ол.

«Мемлекет басшысы өңірлік саясатты жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Еліміздің әрбір өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатын болады. Әр мемлекеттік орган, әрбір жергілікті атқарушы орган Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындауға дереу кірісуі қажет», - деді осы орайда Үкімет басшысы Асқар Мамин.


Мораторийге малданғандарға тыйым салынады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде үш жыл мерзімге шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілеріне бару мен тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға жарияланған мораторий күшіне енгені белгілі. Кәсіпкерлік субъектілері өз жұмысы барысында ел заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауы, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл міндеттемелерді кәсіпкерлік субъектілері мораторий кезеңінде де сақтауы керек болатын. Алайда, мораторийге малданған кәсіпкерлік субъектілері салықтан жалтаруды дағдыға айналдырып алған көрінеді. Мұны Үкімет отырысы барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ашық айтты және мораторий алынып тасталса мемлекеттік бюджет кірістерінің ұлғаятынына назар аудартты.

«Былтыр енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетті. Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз», - деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының уақтылы орындалуына бақылауды күшейтілді. Ол үшін нысандарды өткізу тәсілдері әзірленді. Оған сәйкес нысандардың 50 пайызы осы жылы, 30 пайызы 2022 жылы және 2023 және 2024 жылдары 10 пайыздан сатуға қойылуы тиіс. Бұдан басқа, кешенді жоспардың әрбір нысаны бойынша өткізу жол карталары әзірленді және Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілді. Өз кезегінде, жекешелендіру жоспарының іске асырылуына жауапкершілікті күшейту мақсатында, әкімдіктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың қызметін бағалау кезінде оның орындалуын ескеру ұсынылады. Осы ұсынылып отырған іс-шаралар 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін жалпы ішкі өнімнің 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек.

«Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор компанияларының бірінші басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылады. Жауапкершілік даму жоспарларында стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізбегені, оның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың шығынға ұшырауына жол бергені үшін көзделетін болады»,- деді Ерұлан Жамаубаев.

Айтпақшы, есте болса, Мемлекет басшысы өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек», - деген болатын. Бұл бағытта Қаржы министрлігі еліміздің Ұлттық банкімен бірлесіп, тыңғылықты жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ведомство капиталды шетелге шығаруға қарсы және экономиканы деофшорлау бойынша кешенді жұмысты жандандырып, осы жылы-ақ 100-ден астам юрисдикциядағы қазақстандықтардың қаржылық шоттарын қолға түсірмек.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен және Ұлттық банкпен электрондық мәліметтер алмасу аясында көпжақты конвенцияға қол қойдық. Осы жылдан бастап 100-ден астам юрисдикцияда азаматтарымыздың қаржылық шоттары бойынша ақпарат алмасуды бастаймыз. Сонымен қатар, трансферттік баға белгілеу заңнамасын одан әрі жетілдіру жоспарлануда», - деді министр.


Баспананы небәрі 2 пайызбен алар күн туады

Талай жанның арманы - «Өз үйім, өлең төсегім». Бұл арманның да шындыққа айналар сәті алыс емес сияқты. Өйткені, Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында «Баспана хит», «7-20-25» бағдарламаларының таяуда аяқталатынына байланысты жаңа Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Оның шарттарын, ережесін әзірлеу бір күннің шаруасы емес екендігі де түсінікті. Дегенмен, қазірдің өзінде баспанасыз жүрген талай жанның көңіліне үміт отын ұялатар бұл бағдарламаның алғашқы сұлбасы да байқалатын сияқты. Өйткені, Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов алдағы уақытта ипотекалық несие «Отбасы» банкі арқылы жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен берілетінін айтып отыр.

«Үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы» банкінің ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болады», - деді министр.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға өзгерістер көзделген. Соған сәйкес зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына аударуға мүмкіндік беріледі. Құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі қолға алынады. Мемлекеттік қаражат есебінен салынатын әлеуметтік нысандарда 1 шаршы метр құрылыстың шекті құнын белгілеу ұсынылады. Халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған Аумақтарды кешенді дамытудың жаңа стандарттарын әзірленеді. Аталған стандарттарға қала аумақтарын кешенді дамыту принциптері; қалалық аумақтарды дамыту стандарты; бос аумақтарды игеру стандарты; қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты кіреді. Мұнан бөлек, барлық деңгейдегі қала құрылысы сараптамасының бірыңғай институты енгізіледі.

Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жолдауындағы барлық бағытты іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар дайындалатынын ескертті.

«Мемлекеттік органдарға Жалпыұлттық жоспар бойынша өз ұсыныстарын Ұлттық экономика министрлігіне 3 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі Жалпыұлттық жоспар жобасын 4 қыркүйекке дейін Премьер-Министрдің кеңсесіне енгізсін. Келесі отырыста біз оны қарап, Мемлекет басшысының бекітуіне енгізу үшін мақұлдауымыз қажет», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар