Үкімет пен Ұлттық банк халықты қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бизнестің де міндеттемесін бақылауымыз керек. Бірінші кезекте, жұмыс орындары мен айлықтың сақталуына назар аударылуы тиіс. Үкімет пен «Атамекен» бизнес міндеттемесінің цифрлық тұрғыда бақылануы бойынша жұмысты 2 айдың ішінде аяқтауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен бірге Президент Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды.

«Сондай-ақ мемлекеттік қолдау барынша тиімділікке жұмсалуы тиіс. Біз бюджеттік циклда тұрмыз. Қаржылық басымдықтарды айқындайтын мүмкіндік бар. Бастысы – экономика мен жұмыс орындары», - деді ол.

Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.


Соңғы жаңалықтар