Үкімет пен «Nur Otan» бір адамдай жұмыла жұмыс істеуі керек - Кеңес Мұқышев

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Астана қаласында өткен « Nur Otan» партиясының XVIII съезіне СҚО-дан 50 делегат қатысты. Делегация құрамына қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, партия белсенділері, аумақтық филиалдар басшыларының бірінші орынбасарлары кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Nur Otan" партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышевтің айтуынша, оның бұл жиыннан алған әсері зор. Басты түйгені - "Nur Otan" партиясының жергілікті жердегі филиалдары бұдан былай Үкімет пен халықты байланыстыратын көпір іспеттес болуы керек.

«Президент Н.Назарбаев алғашқы сөзін бұрынғы Үкіметті неге таратқандығы турасынан бастады. Мысалы, бұрын билік пен қарапайым халықтың арасында байланыс болған жоқ. Үкімет қойылған мақсаттарға жете алмады. Сондықтан Елбасы Үкіметті тарату туралы шешім қабылдады. Жаңа Үкімет 70 % жаңа құрамда жұмыс істейді», - дейді "Nur Otan" партиясының Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев.

Сондай-ақ, ол көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар мәселесінің қозғалуын күткенін айтты.

«Президент Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Солардың бірі - аз қамтылған көпбалалы отбасының әр баласына 21 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсету. Бізге қабылдауға көмек сұрап көптеген адамдар келеді. Мысалы, өткен аптада көп балалы ана мұң- мұқтажымен бөлісті. Оның отбасында 6 бала бар. Ең кішкентайы 1 жастан асты, сондықтан ол енді 21 мың теңге жәрдемақы ала алмайды. Оның қазіргі көпбалалы ана ретінде ай сайынғы кірісі небары - 10,005 теңге ғана. Одан басқа ешқандай кірісі жоқ. Көмектесейік десек, оның үйі жоқ. Петропавл қаласына тіркелген, бірақ өзі Шаховское елдімекенінде үй жалдап тұрып жатыр. Сол себепті ол атаулы әлеуметтік көмекті ала алмайды. Қазіргі заңнамаға сәйкес АӘК алатын адам міндетті түрде тіркеу бойынша тұруы қажет. Біз ондай адамдарға көмектесе алмаймыз, өйткені, заңды бұза алмаймыз. Біз тек азық-түлік апарып берумен шектелдік. Осындай заңдағы олқылықтарды депутаттар келгенде көтеріп отыруымыз керек», - деді Кеңес Мұқышев.

Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елбасы жүктеген міндеттерді қалай жүзеге асыру керектігіне тоқталды.

«Съезде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Елбасымыз көптеген міндеттер жүктеді. Енді соны жүзеге асыру үшін Үкімет пен біз - нұротандықтар бір адамдай жұмыс істеуіміз керек. Біз - халықтың көңіл-күйін көрсететін функцияны атқарамыз», - деп түйіндеді сөзін.

Соңғы жаңалықтар