Үкімет пен елорда әкімдігі Астанада мектептер мен балабақша салу мәселесін қарастырады

None
None
АСТАНА. Қарашаның 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  балабақшалар мен мектептер салу мәселесін қарастыруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Елбасының айтуынша, елордада соңғы 4 жылда балабақшаға кезекте тұрған балғындардың саны 4,5 есеге артып, 31 мыңға жеткен. «Бұл мәселені бірлесіп шешетін боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жылдары қалада 30-дан астам мектеп салынғанына тоқталған Президент, алайда мектептерде орындардың жетіспеушілігі 13 мыңды құрап отырғанын айтып өтті.

Осы орайда елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов  мектептерге 12 жылдық білім беру тәртібі енгізілген жағдайда бұл көрсеткіш жоғарылай түсетінін алға тартты.

«Сондықтан Үкімет пен әкімдік мектептер мен балабақшалар құрылысын  бірлесіп қаржыландыру мәселесін арнайы қарастыруы тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Елбасы бұл бағыттардағы жұмыстарға жеке инвестицияларды тартуды, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тетігін ескеру керектігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар