Үкімет өзі бекіткен баға бойынша астық сатып алуды жедел жүзеге асыруы тиіс - Т. Симамбаев

None
None
АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Үкімет өзі бекіткен баға бойынша ел шаруаларынан астық сатып алуды жедел жүзеге асыруы тиіс.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Тасбай Симамбаев осы мәселенің шешілуін сұрады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы шаруалардың ерен еңбегі арқасында елімізде ауылшаруашылық өнімдер берекелі болып, жиын-терім мөлшері өткен жылғы көрсеткіштен де асатын түрі бар. Астық дақылдарынан қазірдің өзінде 19 млн. тоннаға дейін өнім жиналды, науқан әлі жалғасуда. Дегенмен, бүгінгі күні ауылдық жерлерде жағдай қиындап отыр. Жиналған өнім ашық аспан астында қалып, элеваторлар, бидай қабылдау пункттері аузы-мұрнынан шығып тұр. Осыған орай, өткен айда Азық-түлік корпорациясы шаруалардан астықты тоннасына 165 доллардан сатып алуды жариялаған болатын, бірақ ешқандай шаралар жүзеге асып жатқан жоқ», деді Т. Симамбаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні шаруалар өздерінің проблемаларымен бетпе-бет қалып отыр.  Тіпті олардың басым бөлігі жанар-жағармайды алу барысында қарыздарға батып, жұмысшылардың еңбекақыларын да төлей алмайтын жағдайға қалған. «Оның үстіне алдағы уақытта күннің бұзылуы күтіледі. Сондықтан да, қолда бар астықты сақтап, азық-түлік қауіпсіздігімізді нығайту әрі  шаруаларға қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан жедел түрде астықтарды сатып алуға кірісу керек. Жалпы, қазіргі күні астық пен басқа да өнімдерге әлемдік сұраныс артып отыр. Сондықтан да азық-түлікті сатып алу  аясында жаңа тұжырымдама қалыптастырып, мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек тәрізді. Көптеген мемлекеттерде астық сатып алу құзіреттерін қамтитын астық комитеттері құрылған. Қазақстанға да мұны ойластыру қажет. Астық биржаларын құрып, шетелден сатып алушыларды да тарта түсу керек», деді Т. Симамбаев

Соңғы жаңалықтар