Үкімет отырысы: Бюджетті игермеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді 2 қала мен 3 облыс әкімдігі игере алмады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы өңірлерге көзделген нысаналы трансферттер толық көлемде бөлінді және 2,2 трлн теңгені құрады. Алдын ала деректер бойынша, жергілікті жерлерде 99,4 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 13 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 11 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу Нұр–Сұлтан, Алматы қалаларында, Павлодар, Ақмола және Қызылорда облыстарында қалыптасты», - деді министр.

Оның айтуынша, өткен жылы республикалық бюджеттің параметрлері екі рет нақтыланған болатын. Бұл ретте, бюджет заңнамасына сәйкес шығыс бөлігі республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша 8 рет түзетілді.

«Дегенмен, жыл қорытындысы бойынша бізде республикалық деңгейде де, нысаналы трансферттер бойынша жергілікті деңгейде де игерілмеу орын алды. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру ұсынылады», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар