Үкімет мүшелері Жастар жылында атқарылатын іс-шараларды таныстырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - 11 сәуір күні Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған делегация М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекетітк университетінде болып, студент жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең алдымен Гүлшара Әбдіқалықова жиналған қауымға Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру бойынша үкіметтік топтың міндеттері туралы хабарлады. Ол бұл жұмыс тобы барған тоғызыншы өңір екенін атап өтті және барлық өңірлерде халық мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатына түсіністікпен қарап, қолдау білдіретінін айтты.

- Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай елімізде Жастар жылын сапалы, абыроймен атқару мақсатында жол картасы жобасы әзірленді. Бұл - әр санаттағы жастардың қолдау мақсатымен жасалған жоба. Бүгінгі таңда жол картасының жобасында бес бағыт бар, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, бірінші бағыт - еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған 1 мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады.

Ал, екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарымызға арнайы 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік гранттар бөлінеді.

Үшінші бағытта білім беру және еріктілер ұйымдарын дамыту жоспары бар.
null

- Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама қолға алынып отыр. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орыны мен 180 колледж базасында жүзеге асырылады. Үш жылдың ішінде еліміздің барлық аймақтарында 200 мың жас азаматты оқытып шығару көздеп отырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары төртінші бағытта жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту көзделетіндігін айтты. Бұл бағытты «Жасыл ел» қозғалысының «Жасыл қала», «Жасыл ауыл» ортақ ұлттық жобасының аясында жүзеге асыру қарастырылып отыр. Құрылыс компанияларда студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық бағдарлама және тағы да басқа бағдарламалар әзірленеді. Бесіншіден, жас отбасыларды денсаулық пен әлеуметтік инклюзивті қолдау туралы бағыт бар.

Соңғы жаңалықтар