Үкімет мүшелері отандық аяқ киімдерді киетін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматыға сапары барысында «Казлегпром-Алматы» тігін фабрикасын аралады. Тігін цехын аралау кезінде министр отандық аяқ киімдердің сапасын жоғары бағалады.

Журналистердің бірінің «аталған өнімдерді Үкімет мүшелері киер ме еді?» деген сауалына Әсет Исекешев «сапасы осындай жақсы болса, неге кимеске?» деп жауап берді.

Фабрика директоры Айбек Бектұрғанов министрдің кәсіпорынға демеуқаржы түрінде көмек көрсетуге уәде бергендігін айтып өтті.

«Министр жеңіл өнеркәсіп саласындағы негізгі проблема - кадрлар тапшылығын шешу үшін шетелдік мамандарды тартып, қаржылық қолдау көрсетуге уәде берді», - деді А.Бектұрғанов.

Аталған кәсіпорында қазір 450-ден астам адам жұмыс жасауда. Фабрика жанынан екі айлық оқыту курстар ашылған. Мұнда жылына 500 мың жұп аяқ киім, 1,5 млн. жеңіл киім костюм-шалбар, жейде, күрте, тағы да басқа киім түрлері шығарылады.

Әлемдік рыноктағы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, ҚР жеңіл өнеркәсіп саласы индустрияландырудың бірінші бесжылдығында жыл сайын өсіп отырғандығын айта кету керек. Атап өтсек, 2010-2013 жылдары өндірілген өнім 0,3 млрд. теңгеден 2,5 млрд. теңгеге дейін өсті, ал 2014 жылдың алты айында 3,5 млрд. теңгеге жетті.

Соңғы жаңалықтар