Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 379.36 EUR 424.47
RUB 5.88 CNY 54.95
Jańalyqtar

Үкімет мүшелері Қарағандыдағы еңбек даулары мәселелерін талқылады

2019 жылғы 18 сәуір 18:24 432
Бөлісіңіз:
Үкімет мүшелері Қарағандыдағы еңбек даулары мәселелерін талқылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері қарағандылықтармен әлеуметтік және еңбек дауларын алдын алу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды өңіріне жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысын өткізді.

«Еңбек дауын туындататын басты алғышарттардың бірі жалақы деңгейінің нақты еңбек жағдайлары мен ағымдағы экономикалық ахуалға сәйкес келмеуі болып табылады», - деді кездесуге қатысушылар.

«Бүгінгі басты міндет - еңбек дауларының алдын алу. Барлық әлеуметтік шиеленістер еңбек дауының нәтижесінде туындайды. Олардың себебі - жалақы бойынша берешектер мен жұмыс орнының қысұаруы. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау үшін республикалық Жол картасы әзірленді. Өңірлерде осындай карталарды құру қажет. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жұмысты да жалғастыру керек», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Өз кезінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов еңбек даулары бойынша өңірде оң көрсеткіштер байқалатынын атап өтті.

«Егер соңғы 7 жылда облыста 10 еңбек дауы туындаса, 2018 жылы бірде - бір келіспеушілік тіркелмеген. Біз бұл бағытта тұрақты мониторинг жүргізудеміз.  Күн сайын әлеуметтік шиеленіс ошақтарының картасы жаңартылып, қадағаланады. Осы картаға сәйкес, биылғы жылы біздің облыста бұл мәселеге қатысты оң өзгерістер байқалып отыр. Бұл дер кезінде проблемаға ден қою және еңбек дауларын шешу бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде қол жеткізіп отырған жетістігіміз», - деді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу туралы да тоқтала кетті. Аталмыш жүйе аясында әрбір шағымға қатысты кәсіпорындарда жедел түрде шаралар қолданылады. Сонымен қатар, облыста жалақы бойынша берешекке жол бермеу бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді.

Әкімнің айтуынша, облыста жұмыс берушілермен еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау бойынша 4000-ға жуық меморандумға қол қойылды. Бірінші Елбасының жалақыны көтеру туралы бастамасын облыстың 39 мың кәсіпорны қолдады, онда 300 мыңға жуық адам еңбек етеді, деп хабарлады өңір басшысы.

Облыста кәсіподақтардың рөлін күшейту үшін Татуласу орталығы құрылды. Еңбек ұжымдарында тәлімгерлік институты дамуда.

Ерлан Қошанов заңнамалық шешімді талап ететін проблемаларға да назар аударды. Аймақ басшысы қызметкерлердің құқығын қорғау үшін аутстаффинг институтын реттеу керек деп есептейді.

«Бүгінгі күні әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік еңбек жанжалдарының туындауының алдын алуы болуы тиіс. Әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушыларына өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті мониторингілеу, жалақы бойынша берешектерді болдырмау, өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелерін ерекше бақылауға алу қажет. Көріп отырғаныңыздай, біз республикалық үшжақты комиссияның жұмыс форматын өзгертеміз. Және өңірлерден осындай белсенді жұмыс күтеміз. Осының барлығы жай ғана қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Вице-премьер әлеуметтік әріптестіктің барлық нысандарын дамытуға, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау бойынша жауапкершілікті күшейтуге шақырды.

Фото: karaganda-region.gov.k

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Агата Мухамеджанова

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
MURAǴAT