Үкімет мүшелері елордаға Астана атауын қайтару ұсынысы туралы пікір білдірді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет мүшелері БАҚ өкілдеріне елордаға Астана атауын қайтару ұсынысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілдері бұл сұрақты Үкімет отырысынан кейін вице-премьер Роман Склярға, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қойды.

«Біріншіден, бұл идея бұрыннан бері қоғамда талқыланып жүр. Сөз жоқ, бұл идеяның назар аударуға тұрарлық маңызы бар. Оны кеше «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы жария етті. Қарауға енгізілді. Қоғам талқылағаннан кейін ол ұсыныс Парламент қабырғасында қаратын шығар деген ойдамын. Сондықтан, күтейік», - деді ол.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де бұл ұсынысты естігенін атап өтті.

«Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатса, қоғам талабы болса, әрі қарай Парламенттің шаруасы. Кез келген нәрсе заң үстемдігі шеңберінде жүзеге асуы керек деп ойлаймын. Мәселені депутаттар көтеріп отыр ғой. Сондықтан сауал депутаттарға қойылуы керек деп ойлаймын. Қазір біздің қоғам даму үстінде. 2019 жылдан бері қаншама жаңалық болды. Сондықтан, бұл депутаттардың азаматтық позициясы», - деген пікір айтты.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та бұлсұраққа қысқа жауап қайырды.

«Қайда тұрасың деп сұраса, мен Нұр-Сұлтанда да, Астанада да, елордада да тұрам деп айтамын. Яғни әртүрлі атай берем», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар