Үкімет мүшелері Абай қаласында көпбалалы аналармен кездесті - Қарағанды облысы

None
None
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Қарағанды облысына жұмыс сапарын жалғастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Вице-премьер Республикалық үш жақты комиссия отырысын өткізді. Оған қала және аудан әкімдері, «Атамекен» ҰКП, ірі компаниялардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты. Отырыста әлеуметтік-еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, «Бірлестіктердің бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау туралы» № 87 Конвенцияны қолдану жөніндегі Халықаралық еңбек ұйымдарының ұсыныстары бойынша Жол картасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік әріптестіктің әрекет етуші моделі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті тең дәрежеде бөлуге негізделгеніне ерекше назар аударды. Әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі - әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу. Сондықтан әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушылары өндірістік жарақат, жалақының уақытылы төленбеуі мәселелеріне жол бермей, өңірлерде әлеуметтік ушығу жағдайларына мониторингті күшейтуді ерекше бақылауға алу қажет.

Кәсіби қауіп-қатерлерді басқарудың қазіргі кездегі жүйесін енгізу мақсатында 1 сәуірден бастап 2231 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 184,9 мың жұмыс беруші төмен жалақы алатын 963 мың қызметкердің айлығын өсірді. Соның нәтижесінде олардың жалақысы 33% көтерілді (43 мыңнан 57,5 мың теңгеге дейін). Еліміз бойынша барлығы 98,7 мың ұжымдық келісімшарт жасалған. Оның ішінде 95,1% ірі және орта кәсіпорындарда ұжымдық келісімшарттар бар.

Әрі қарай Абай қаласының Мәдениет үйінде ҚР Вице-премьері және жұмыс тобының мүшелері көпбалалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде жаңа әлеуметтік саясаттың басымдылығы халықтың аз қамтылған отбасыларының кірісін көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру, медицина қызметінің сапасын арттыру және аумақтарды кешенді дамыту екенін атап көрсетті. Адамдарды жұмыспен қамту, ал әлеуметтік көмек объективті себептерге байланысты өз бетінше еңбек ете алмайтын адамдарға көрсетілетіні баса айтылды.

Жұмыс тобының басқа мүшелері өз бағыттары бойынша Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндірді. Соңында Үкімет мүшелері залдан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Осы күні Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова және Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Қарағанды және Абай қалаларының мұғалімдерімен, дәрігерлерімен, құрылыс компанияларының жұмыскерлерімен кездесті. Кездесулерде білім беру және денсаулық сақтау салаларын әрі қарай дамыту, құрылыс нысандарының сапалы және мерзімінде аяқталуы секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Үкімет делегациясының жұмысы Солтүстік Қазақстан облысында жалғасады.

null null

null

Соңғы жаңалықтар