Үкімет міндетті вакцинациялау туралы заң қабылдамақ – фейк

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазнет қолданушылары Үкіметтің жаппай вакцинациялау туралы заң қабылдайтыны туралы ақпарат таратып жатыр. Сондай-ақ, оған қарсы дауыс беру бойынша нұсқаулық берілген. Stopfake.kz бұл ақпараттың жалғандығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сайт Денсаулық сақтау министрлігінің тараған ақпаратқа қатысты пікірін келтіреді. Ведомство «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуы тиістігін, бірақ осы Кодекстің 77-бабына сәйкес азаматтар вакцинациядан бас тартуға құқылы екендігін хабарлаған.

«КВИ-ге қарсы вакцина – эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізбесіне енгізілген. Бұл ретте егулер вакцина салдыратын адамдардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі», - деп мәлім етеді министрліктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомство өкілдері бүгінгі таңда міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесін кеңейту жоспарда жоқ екенін атап өтті.

Ал, қазір бірден бірнеше эндемикалық емес елде тіркеліп отырған маймыл шешегіне келетін болсақ, әзірге қазақстандықтар оған қарсы егілмейді.

«Ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды және маймыл шешегінің тіркелуін ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы инфекцияға қарсы жаппай вакцинация жүргізуді ұсынбағанын қосымша хабарлаймыз. Бұл маймыл шешегі ауруының жоғары жұқпалы инфекцияларға жатпайтындығымен байланысты және оны жұқтыру үшін науқаспен тығыз қарым-қатынас болуы қажет», - деп түсіндірді министрліктегілер.


Соңғы жаңалықтар