Үкімет: Құрылыс саласын жетілдіріп, баспанаға мұқтаж адамдарға басымдық беріледі

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды. Осы орайда Министрлер кабинетінің мүшелері әр салада жобаларға қатысты түсінік берді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр.


Осы орайда ол Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған іс-шараларға толығырақ тоқталды. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлейді.

Оның негізгі бағыттары: шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық, қаржылық емес түрде қолдау шараларын ұсыну; өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, дамытудағы кедергілерді жою;мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату; шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру көздерін кеңейту.

Фото: t.me/Kzgovernment


«Мемлекет басшысы салық саясатының жаңа моделінің қажет екеніне назар аударды. Барлық қойылған міндеттер жаңа Салық кодексі аясында іске асырылады. Сондай-ақ, салық саласындағы әкімшілендіруді оңайлату және цифрландыру шаралары қабылданады. Салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған жұмыс аясында саланың басымдығы мен рентабельділігіне қарай қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы ставкаларын саралау мәселесі пысықталады», - деді министр.

Оның айтуынша, Экономикалық зерттеулер институтының базасында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен жаңа Бюджет кодексін әзірлеу бойынша тиісті Жұмыс тобының қызметі жалғасып жатыр.


Аталған құжат Мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың ережелерін ескеріп, Ұлттық қор қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі іс-шаралар кешенін айқындайды.

Бұдан бөлек, ол «тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау аясында электр энергиясымен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын төмендетуге арналған жұмыс басталғанын айтты. Бұл апаттардың санын азайтуға және осы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Ол үшін 146 мың шақырымнан астам инженерлік желіге жөндеу жүргізу қажет. Қазіргі кезде тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіз қалыптастырылды.

Атап айтқанда, газдың әлеуметтік әділ құны белгіленеді.

«Мемлекет басшысы тауарлық газдың энергия тиімділігін арттыру және ұтымды пайдалану үшін тиісті жоспар қабылдауды тапсырды. Аталған міндетті іске асыру үшін ірі коммерциялық кәсіпорындарға сараланған тарифтерді енгізу, халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу шаралары ұсынылады. Бұл өз кезегінде газды үнемді пайдалануға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік әділ құнын белгілеуге ықпал етеді», - деді ведомство басшысы.



Мұнымен қоса, Әлібек Қуантыров шекара маңындағы ауылдарды дамыту жоспары туралы айтты.

Елімізде 65 ауданда 1,7 млн адам тұратын барлығы 1283 шекара маңындағы ауыл бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі

Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ана мен баланы әлеуметтік қолдау жоспарына тоқталды.


Осы орайда биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі, оған 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында биылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Осы жылдың І тоқсанында оны алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде жұмыс істемейтін 93 мың ана жәрдемақыны республикалық бюджеттен, ал жұмыс істеген 343 мыңнан астам адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатыр.

«Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 334,5 миллиард теңге көзделген», - деді министр.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған пакет биылдан бастап ақшалай беріліп жатыр. Бүгінде осы санаттағы 114 мыңнан астам балаға 1,4 миллиард теңге әлеуметтік көмек берілді. Атаулы әлеуметтік көмекке қажет 74 миллиард теңге балаларға арналған ақшалай төлемдерді қоса есептегенде, өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттермен берілді.

Фото: t.me/Kzgovernment


Сонымен қатар, мүгедектігі бар және асыраушыларынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдау күшейтіледі.

«Жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлері 8,5 пайызға өсті. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтын тұлғаларға және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін тағы 14,5 пайызға көтеру мәселесін пысықтап, есеп-қисабын жасап жатырмыз. Қосымша қажет қаражат 43 миллиард теңгеден асады», - деді Т. Дүйсенова.

Министр зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды арнайы төлемдер енгізу мүмкіндігін қарастыру арқылы күшейту қажет екенін айтты», - деді Т. Дүйсенова.


Оның айтуынша, осы тапсырманы орындау үшін Министрлік отандық және әлемдік тәжірибені зерделеп, бірқатар тәсілді қарастырды. Бұл тұрғыда бірнеше нұсқа бойынша есеп-қисап жүргізді.

«Қазіргі кезде нақты тәсілдер әзірленді, оны Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен сақтандыру нарығы қарап жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін, өзара келісілген шешімдер Үкімет басшысының қарауына ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Газды үнемдеп пайдалану жоспары әзірленеді


Бүгін Үкімет отырысында тауарлық газ өндіру көлемі өсетіні айтылды.

«Экономиканың өсуін ескере отырып, табиғи газды ішкі тұтыну 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрден астам көлемге өсті. Ел экономикасын газбен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік ҚазақГаз және ҚазМұнайГаз компаниясымен бірлесіп бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Біріншіден, газ өндіруді ынталандыру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды. Екіншіден, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу бойынша жаңа зауыттарды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда биылдан бастап тауарлық газ өндіру көлемі өседі, сондай-ақ 2025 жылы бұл көрсеткіш елеулі түрде артады деп жоспарланып отыр», - деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, қол қойылған Жол картасы аясында Газпроммен газ импорты бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.


«Тұтынушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, халық үшін газ бағасын ұстап тұру қажет. Алайда газдың төмен бағасын табысы жоғары тұтынушылар да пайдаланып келеді. Мәселен, температура бойынша 2 есеге жуық айырмашылығы бар Маңғыстау және Қостанай облыстарында тұтыну көлемі айына орта есеппен 600 текше метр газды құрап отыр. Осы орайда газдың төмен бағасын ұстап тұру газды тиімсіз жағу салдарына әкеліп отыр деген қорытынды жасауға болады», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жартыжылдықтың аяғына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму әрі Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, энергия тиімділігі мен тауарлық газды ұтымды тұтыну жоспары әзірленетін болады. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды қоспағанда, басқа тұтынушылар үшін газды үнемдеп тұтынуды ынталандыратын сараланған тарифтер тетігі енгізіледі.

Білім: аттестация әдістері өзгереді


«Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен ведомствоаралық Үйлестіру кеңесін құрдық. Мәселелерді жіті зерттеп, сапалы шешу мақсатында министрлік жанынан білім саласының сарапшыларынан жасақталған жұмыс тобы да құрылды», - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Осы орайда ол мұғалімдердің деңгейін анықтау аттестаттау арқылы жүзеге асырылатынын еске салды. Қазіргі қолданыстағы ережелерге сай аттестаттау рәсімі 3 кезеңнен тұрады - дәрежені бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдау, білімді бағалау.


«Аттестаттаудағы негізгі проблемалар – бұл педагогтердің электрондық және қағаз нұсқада жинайтын құжаттарының көптігі, аттестаттау комиссиясының ұсынылған құжаттарды ұзақ қарауы, тест тапсырмаларының сапасы. Сонымен қатар, басты мәселелердің бірі - аттестаттау процесінің объективтілігін, ашықтығын және академиялық адалдық принциптерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы мәселелерді реттеудің басты құралы ретінде аттестаттау процесін автоматтандыру қолға алынды. Қарапайым тілмен айтқанда, аттестация жүйесі «бір батырма» принципімен жүргізілетін болады. Яғни, мұғалім тек аттестациядан өтуге ниет білдіргенін растайды, ал аттестациядан өтушінің жеке құжаттары және оның деңгейін анықтайтын тиісті материалдарды ақпарттық жүйе өзі автоматты түрде жинақтап, талдап, қысқа уақыттың ішінде қорытындысын шығарады», - деді министр.

Оның пайымынша, бұл қадам адами факторды толықтай шектеп, объективтілікті орнатуға ықпал етеді.

Аттестаттаудың тестілеу рәсімі де жетілдірілмек. Барлық ұсынылған өзгерістер педагог қауымдастығымен жіті талқыланғаннан кейін, жыл аяғына дейін Педагогтерді аттестаттаудың қағидаларына тиісті өзгерістер бекітіледі.

Экономикадағы басты міндеттер

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің алдында тұрған басты міндет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін айтты.


«Қазіргі кезде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, біз Парламенттегі басым көпшілік – «Аманат» партиясының бағдарламасын орындауға кірістік. Президенттің ауқымды саяси реформаларының арқасында Мәжіліске 6 партия өтті. Біз барлық партиялармен бірге белсенді жұмыс істейміз. Бұл біздің жұмысымызға оң нәтиже беретіні сөзсіз», - деді Ә.Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Фото: t.me/Kzgovernment


Оның айтуынша, Үкімет ашық әрі өзін-өзі толықтай қамтамасыз ететін нарықтық экономика құру жолында нақты шараларды іске асырады.

«Біздің алдымызда биыл экономикалық өсімді 4%-ке, ал орта мерзімді перспективада 5%-ке дейін жеткізу міндеті тұр. Экономикалық саясат бірінші кезекте, бизнесті қолдауға бағытталуы тиіс. Бұл орайда, негізгі салаларға тартылатын отандық және шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайтуымыз керек. Сонымен қатар, жыл соңына қарай инфляцияны 2 есе төмендетуге, экспорттық әлеуетті, жаңа технологияларды дамытуға, заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шараларды іске асыруға ерекше назар аудару қажет. Біздің міндетіміз – инфляцияны ескере отырып, халықтың жалақысының 4,6% деңгейінде нақты өсуін қамтамасыз ету. Жұмыссыздық 4,8%-ке дейін төмендеуі тиіс. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін біз бар күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Әділет министрлігіне заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң жобасын Парламентке уақтылы енгізуді тапсырды.

«Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заң жобасын әзірледі. Оның негізгі мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Әділет министрлігі жобаның Парламентке уақтылы енгізілуін қамтамасыз етуі керек», - деді Ә. Смайылов.

Мұнымен қоса Үкімет басшысы энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларының жауапкершілігін көтеруге баса мән берілетінін айтты.

Атап айтқанда, баспанаға барынша мұқтаж адамдар ерекше назарда болады.

«Мемлекет басшысы Құрылыс кодексін қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Құрылыс саласын жетілдіру керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласындағы барлық құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюы қажет. Бұдан бөлек, тұрғын үй саясатын қайта қарау қажет. Баспанаға барынша мұқтаж адамдарға басымдық берілуі тиіс. Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 ай мерзімде нақты тәсілдерді әзірлеуі қажет. Шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетін азаматтар үшін тұрғын үй бағасын арзандатуға көңіл бөлу керек», - деді Ә. Смайылов.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агробизнес субъектілеріне арналған қолдау құралдарын жетілдіруді жеделдету қажет екенін айтты.


Премьер-Министр педагогтерді аттестациядан өткізу рәсімдерін жетілдіруді тапсырды.

«Мұғалімдерді «қағазбастылықтан» босатып, есеп беру жүктемесін азайту қажет. Біз тәжірибелі кадрларды бағалап, мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, бұл жұмысқа экономиканың түрлі секторларынан бизнес өкілдерін тартуы керек», - деді Ә. Смайылов.


Соңғы жаңалықтар