Үкімет кейінгі 10 жылда шағын және орта бизнеске ₸1,3 трлн субсидия бөлген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі 10 жылда Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнеске 1,3 трлн теңге субсидия бөлген. BUSINESS TECHNOLOGY EXPO 2023 халықаралық көрмесінің аясында өтіп жатқан бизнес-форумда осындай дерек айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаменті директорының орынбасары Мерей Исаеваның сөзінше, қазір ведомствоның алдында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін - 40 пайызға, орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін - 20 пайызға жеткізіп, көлеңкелі экономиканың үлесін - 12 пайызға дейін түсіру, жұмысы бар адамдардың санын 5 млн-ға жеткізу мақсаты тұр.

«Кейінгі 10 жылда экономикадағы шағын бизнестің үлесі 16 пайыздық пунктіге жетіп, 35,7 пайыз болды. Шағын бизнестен жұмыс тапқандардың саны 35 пайыз өсіп, 3,5 млн адам болды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған нысандар саны 44 пайызға артып, 1,4 миллионға жетті. Ал тіркелген кәсіпкерлік нысандарының саны – 1,6 млн. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 17 пайыз жоғары», - деді ҰЭМ өкілі.

Айтуынша, кейінгі 10 жылда министрлік арқылы 24 мың жобаны субсидиямен қолдауға 1,3 трлн теңге жұмсалған.

«Төленген субсидиялардың сомасы 181 млрд теңге болды. 20 мың жобаға кепілдік ұсыну бағытында 368 млрд жұмсалды. Ұсынылған кепілдік сомасы – 203 млрд теңге. Тың бизнес идеяларды іске асыру үшін шағын, орта және микро кәсіпкерлік нысандарына 2,4 млрд теңгенің 645 гранты берілді. Бизнес идеяларды іске асыру басталғаннан бері 5 мыңнан астам грант төленді. Жетпей тұрған инфрақұрылым түзуге бағытталған 41 жобаға 18 млрд теңге бағытталды», - деді Мерей Исаева.


Соңғы жаңалықтар