Үкімет халықты мемлекеттік қолдаудың беймонетарлық іс-шараларын енгізбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет халықты мемлекеттік қолдаудың беймонетарлық іс-шараларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет халықты мемлекеттік қолдаудың беймонетарлық іс-шараларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бүгінде Астана қаласы бойынша ілкі жоба ретінде енгізу үшін 2 мемлекеттік қызмет айқындалды: жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарына тегін және жеңілдікпен тамақ беру; азаматтардың жекелеген санаттарына дәрі-дәрмек, арнайы емдік өнімдер, медициналық мақсаттағы бұйымдар ұсыну», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған екі жобаны енгізу үшін бірлескен бұйрықтар әзірленген.

«Оларды жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Бұған қоса, Отбасының цифрлық картасы мен «Әлеуметтік әмиянды» ықпалдастыру көзделіп отыр. Бұл келешекте әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасын анықтауға және алдын ала мемлекеттік қолдау іс-шараларын көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар