Үкімет диқанның маңдай термен өсірген астығын пұл қылуына қолдау жасап отыр

None
None
nbsp; АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы астық бағасының шарықтайтын түрі бар. Оған жаз айларының аптап ыстық болуымен қатар, жауын-шашынның аз түсуі салдарынан дүниежүзі астық шаруашылығында туындап отырған күрделі ахуал өз әсерін тигізетін сыңайлы. Мәселен, күні кеше Ресей Премьер-Министрі В.Путин құрғақшылыққа байланысты астық пен

одан өндірілетін тауарлардың экспортына уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданғанын жариялап еді, бүгін бірқатар дүниежүзілік нарықтардағы астық бағасы күрт көтеріліп шыға келді.

Мұхиттың ар жағындағы алып ел АҚШ-та бидай фьючерсі 4,4 пайызға өсіп, алдағы қыркүйек айында жеткізілетін астықтың бағасы 1 бушеліне (27 келі) 8,21 доллардан асып түсті. Ал Азиялық сауда нарықтарындағы бидай фьючерстері 4,8 пайызға көтеріліп отыр. Демек, сыртқа шығаруға астық артылса, ел бюджетінің қалтасын қампайтатын мұнай, газ, түсті металл сынды ауыр өнеркәсіп өнімдерінің қатарына бидайдың да қосылатыны сөзсіз.

Қазақ елінің негізгі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар мемлекет қоржынына да қомақты қаржы құятын бұл сала Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған жайы бар. Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығының өзекті мәселері бойынша алқалы жиын өтіп, онда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Президенттің алдында егін орағына әзірліктің барысы туралы есеп берумен қатар аграрлық сектордың аса өзекті мәселелері жөнінде де баяндама жасаған болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің астықты өңірлердің берген есептеріне сараптама жүргізе отырып, алдын ала болжам жасауынша, ағымдағы жылы елімізде 13,5 миллион тоннаға жуық астық жиналатын түрі бар. Әрине, бұл өткен жылғы өнімнен 8,5 миллион тоннаға кем болғанымен, республиканың ішкі тұтынуын толық қамтамасыз етумен қатар, біраз астығымызды сыртқа шығаруға да мүмкіндік береді. Бұлай топшылауға өткен жылғы егін орағынан қалған солтүстік өңірлердегі элеваторлардағы 7 миллионға жуық астық та түрткі бола алады. Жалпы, бүгінгі таңда республикадағы себілген күзгі және жазғы дәнді дақылдар көлемін есепке алғандағы егін алқаптары 16,7 миллион гектарды құрайды. Қазіргі уақытта егін бастыру Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында басталып та кетіп, алғашқы көрсеткіш деректері де жарияланып жатыр. Осы айдың басындағы нақты деректерге қарағанда, аталған өңірлердегі 450 мың гектар алқаптың егіндігі жиналып та үлгерген. Астық түсімі гектарына 13,7 центнерді құрап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,8 центнерге кем. Аталған өңірлердегі егістік алқап 2,3 миллион гектар құрайды.

Кеңес барысында Елбасы егін орағы науқанының проблемалық мәселелеріне де айрықша назар аударды. Қуаңшылық пен аптап ыстық ауа райының салдарынан дәнді дақылдар егістігінің бір бөлігі, негізінен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары зардап шеккені белгілі. Алайда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына орай Үкімет қуаңшылықтың зардабын шегіп отырған батыс өңірлерге жеткізілетін астықты тасымалдау үшін арнайы қаулысымен қаржы бөліп солтүстік өңірлердің астық қабылдау орындарынан 400 мың тонна дәнді дақылды батыс өңірге жеткізу жұмыстары басталып та кеткен болатын. Осылайша азық-түлік қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етуге қол жеткізгенімізбен келер жылы құрғақшылықтан зардап шеккен облыстарда астық тұқымын себу күрделі жағдай туындатуы мүмкін екендігі де белгілі болып отыр. Бұл туралы таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында аталған ведомствоның Жер шаруашылығы және фитосанитариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць мәлім еткен болатын. Оның келтірген деректеріне қарағанда, қазірдің өзінде келесі жылы Ақтөбе облысында 78 мың, ал Батыс Қазақстан облысында 24 мың тонна бидай тұқымы жетпей қалу мүмкіндігі күтіліп отыр. Оған ағымдағы жылғы жаздың құрғақ әрі аптап ыстық болуы негізгі себеп ретінде аталуда. Өйткені осы жылы аталған екі облыстың егістік алқабының 70 пайызға жуығы күйіп кеткен еді.

Дегенмен А.Буцьтің пікірінше, астық өнімділігінің төмендігіне құрғақшылықпен қатар нақты тұқымдық саясаттың болмауы, пісіп-жетілу мерзімі бойынша сұрыптарды пайдаланудың ғылыми негізделген нормаларының сақталмауы да өз әсерін тигізген. Осыған орай, ол облысаралық, ауданаралық, сондай-ақ шаруашылықаралық айырбас есебінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тұқыммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін баса айтқан болатын. Сонымен қатар А.Буць «мемлекет тарапынан құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жеткізу үшін шамамен 70 мың тонна қосымша тұқым сатып алу арқылы мемлекеттік ресурсты толықтыру бойынша шара қабылданатын болады», деген де еді. Демек, мемлекет қолда бар тетіктерін дұрыс пайдаланып, ерте қамданса, онда кез келген қиындықтардың алдын алуға еліміздің күш-қуаты толығымен жетеді.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, астық та істің көзін тауып, жаңа технологиялар мен техниканы ұштастырып, еңбектенген адамның ғана ырысын арттырады. Яғни бұл шаруашылыққа да жүрдім-бардым қарамай, мүмкіндігінше ылғал ресурстарын сақтау технологиялары негізінде айналысуымыз қажет. Мемлекет басшысы да кеңес барысында ағымдағы жылы ылғал ресурстарын сақтау технологияларын енгізгендер, егіске жақсы тұқымды пайдаланғандар, агротехникалық шараларды мерзімінде атқарып, уақытында дән сепкен және дер кезінде жинап алған шаруашылықтар ұтқанын атап өтті. Бұл пікірді Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Ақылбек Күрішбаев та айтқан болатын.

Биыл астық шаруашылығында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында қуаңшылықтың әсерінен көп егістік күйіп кеткендігін атап өткен А.Күрішбаевтың келтірген деректеріне қарағанда, соңғы 5 жылда Ақтөбе облысының Қостанай облысымен шектес Әйтеке би ауданында алынған орташа өнім гектарына 5 центнерді, Қостанай облысының Қамысты ауданында 8,5 центнерді, ал құмдауыт жерде қоныстанған Жангелдин ауданында осы аралықтағы орташа көрсеткіш 6,5 центнерді құраған. Демек осыған орай «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан екі облыстың алатын өнім көлемдерінде неге айырмашылық бар заңды сауалдың да туындайтыны шындық. Дәл осы мәселені сараптап өткен министрдің пайымдауынша, бұл тікелей ылғал ресурстарын сақтау технологиясына байланысты болып отыр.«Қазіргі астық шаруашылығында ылғал ресурстарын сақтау технологиясымен қолынан іс келетін, шамасы бар, ірі шаруашылықтар ғана істейді. Енді сараптама жасап көрейік, Қостанай облысында 2 мың гектардан кем алқаптары бар шаруашылықтар 29 пайызды құрайды. Ал бұл Батыс Қазақстанда 51, Ақтөбе облысында 41 пайыз. Яғни, астық шаруашылығымен ылғал ресурстарын сақтау технологиялары негізінде айналысуымыз керек. Олай болмаған жағдайда бұл екі облыс астық шаруашылығының болашағы жоқ. Тек қана астық шаруашылығы технологиялары болғанда ғана өнім алуға болады. Ал бұрынғыдай жүрдім-бардым істейтін болсақ, онда тек қана ауа райына қарап отырамыз. Бұлай астық шаруашылығын дамыту мүмкін емес», деген болатын министр өз сөзінде.

Ағымдағы әлемдік астық шаруашылығындағы күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстанның 2010-2011 маркетингілік жылдағы экспорттық әлеуеті 8 миллион тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Яғни, қалыптасып отырған жағдай қазақстандық ұн-жармашылардың шетелдік нарықтарды жаулап алуына тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Осыған байланысты Президент Үкіметке астықтың және оны өңдеу өнімдері экспортының жалпы көлемінде ұнды экспорттау үлесін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу жөнінде нұсқау бере келе «Егін орағы барлық жерде жылдағыдан ерте басталып отыр. Астықтың пісуі шапшаң жүруде. Сондықтан да алдын ала қамдану қажет. Техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қажет. Бұл барлық облыстарға қатысты. Бұл барлық әкімдер мен барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің міндеті. Мемлекет ең алдымен өздері тырбанып, қимылдап жатқандарға көмектесетін болады», деп атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне қарағанда, ағымдағы жылғы егін орағы жұмыстары 408 мың тонна дизель отынын қажетсінеді екен. Қазіргі уақытта дизель литрі 62 теңгеден, яғни жеңілдетілген бағамен босатылып та жатыр. Оның жеткізілу кестесі әр облыстардың операторлары бойынша анықталған.

Кеңестің қорытындысы бойынша Н.Назарбаев Үкіметке нан мен ұнның ішқі бағаларын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге және нарықта оның бағасы өсіп кетуіне жол бермеуге, сондай-ақ құрғақшылықтан неғұрлым көп зардап шеккен аймақтардағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайына талдау жасауға, оларды қолдау шараларын алуға, мал шаруашылығын жеммен қамтуға, жемшөп дайындау жұмыстары үшін жанар-жағармайды жеткізуге бақылау орнатуға және алдағы егіс маусымына тұқым қорын жасақтауға тапсырма берді.

* * *

Осы аптада Мемлекет басшысы өткізген тағы бір кеңес Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылу қарқыны мен оның сапасына арналды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин және Президент көмекшісі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен кеңес барысында Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылу қарқыны мен сапасы туралы әңгіме өрбді, оның аясында жыл соңына дейін жалпы құны 408 миллиард теңгені құрайтын 72 жаңа кәсіпорын ашылатын болады. Ал сол кәсіпорындардың үштен бірі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Бұл туралы аталған алқалы жиын өткен күннің ертесінде Өскеменге сапарлаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау мәлім еткен болатын. Шығыс Қазақстан әкімшілігі Индустрияландыру картасына енгізген инвестициялық жобалардың жетекшілері аталған отырыста ағымдағы жылдың екінші жартысына жоспарланған бағдарламаларды жүзеге асырудың барысын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев атап көрсеткендей, өңірдің индустриялық картасына 22 жоба кіреді және оның ішінде құны 446,9 миллиард теңгені құрйтын 8 жоба Қазақстанның Индустрияландыру картасына енгізілген. Аймақтың индустрияландыру картасындағы қалған 14 жобаның жалпы құны 39,4 миллиард теңгені шамалайды.Биыл аталған 22 инвестициялық жобаның 12 жобасын іске қосу жоспарланған.

* * *

Сәрсенбінің сәтінде үшінші мәрте Ақордада биліктегі шенеуніктердің басын қосқан Елбасы кеңесі ел азаматтарың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқыға салды Алқалы жиын барысында үлестік құрылысқа өздерінің қаржыларын салған азаматтардың проблемаларын шешумен, қылмыспен күрестің жай-күйімен, елде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етумен, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметіндегі азаматтардың құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелер әңгіме арқауына айналды. Мемлекет үлескерлердің құқықтарын қорғауда жеткілікті шараларды қабылдап отырғандығын алға тартқан Президенттің айтуынша, үлестік құрылысты қолдауға бюджеттен 518,8 миллиард теңге бөлініп, қазіргі уақытта 353 тұрғын үй кешені салынып, 45 мыңнан астам үлескердің проблемалары шешілген.

Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдары алаяқ құрылысшыларды іздеу және олардың үлескерлер мен мемлекетке келтірген залалдың орнын толтыруын талап ету және активтерді қайтару жөніндегі жұмысты күшейтулері тиістігін де баса айтты. Таяуда жартыжылдықтың қорытындысына арналған отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ел Үкіметі алаяқ құрылысшылар жымқырған үлескерлер қаржысын жедел түрде қайтарып, олардың проблемаларын түбегейлі шешуге ниетті екендігін жеткізген болатын. «Проблемалар бар және оларды шешу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мен күш-құрылым органдарымен бірге арнайы кеңес өткіздім. Онда алаяқ құрылысшылар жымқырған үлескерлердің ресурстарын қайтару мәселесін жеделдетуге қатысты нақты тапсырма қойылды. Олар толық қайтарылғаннан кейін бүгінде қалып отырған мәселелерді аталған қаражат есебінен шешеміз», деген еді Үкімет басшысы.

Жиын қорытындысында Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы, соның ішінде алаяқ құрылысшылардан ақша қаражаттарын және басқа да мүліктерді өндіріп алу бойынша сот актілерінің тиімді және толық атқарылуын қамтамасыз ету бөлігінде қатынастарды реттейтін заңнамаларды жетілдіру жөніндегі шараларды алуды және бөлінген ақша қаражаттарын қайтару тетіктерін жасау жөнінде тапсырма берді.

* * *

ЕҚЫҰ сынды беделді ұйымға басшылық жасаған Қазақ елінің төрағалығы бел ортасынан да асты. Қазақстанның жарты жылдың ішінде атқарған жұмыстарын ауызын айға білеген АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция сынды алпауыт мемлекеттер жоғары бағалап отыр. Үш күн бұрын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі барысында ағымдағы жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада мәртебелі ұйымның Саммиті өтетін болып түбегейлі шешілді. Осыған орай бүгін жарық көрген ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі жарияланды. Онда «жоғары дәрежелі кездесудің біздің Ұйымды қазіргі өмір шындығына бейімдеуге жағдай жасайтынына сенімім мол. Ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» табысты эволюциясын паш ететін болады. Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу фактісі біздің еліміздің әлем алдындағы беделін көтеріп қана қоймайды. Астана саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизімін бұрынғыдан бетер нығайта түсетін болады. Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор. Біз үшін біздің қоғамымыздың - толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі тұр», делінген.

Бүгінде төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Демек, ЕҚЫҰ саммитін қазақ жерінде өткізудің тарихи шешімі - қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы!

Соңғы жаңалықтар