Үкімет делегациясы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкімет делегациясы Президент тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы нақты шаралар жоспарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет тобында Мемлекет басшысының көмекшісі Қанат Бозымбаев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов бар.

Алдымен өңірдегі ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен жиын өтті. Ондағы мақсат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы нақты шаралар жоспарын әзірлеуде кездесетін проблемаларды талқылау, ұсыныстарды тыңдау.

«Мемлекет басшысы Үкімет тарапынан барлық міндеттемелерді толық орындау, жұмыспен қамту шараларын күшейту, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуі мұнай бағасының төмендеуіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, дүниежүзіндегі коронавирус індеті экономикаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Үкімет тарапынан оңтайландыруға байланысты жаңа мүмкіндіктер қарастырылып жатыр», - деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов.

Жиында өңір басшысы О. Оразалин Ақтөбе облысындағы мұнай-газ секторының қазіргі жағдайына тоқталды.

Облыста 868 кәсіпорын бар. Онда 80 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау жүргізу аясында өңірдің тау-кен өнеркәсібі саласында жыл сайынғы өнім шығару көлемінің өсімі байқалады. Мұнай-газ саласына келетін болсақ, үлесі жоғары және өнеркәсіп құрылымының 35% астамын құрайды. Ақтөбе облысының аумағында 45 келісімшарт бойынша көмірсутек шикізатын өндіретін 32 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Мұнай бағасы барреліне 30$-дан төмен түскен жағдайда, шығыны көп кен орындарында өндіруді төмендету бойынша түзетулер ішінара енгізілетін болады. Осы жағдайларға қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз қызметкерлерінің, яғни, 6500 қызметкердің жалақысын 33%-ға көтерді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кейбір ірі сервистік кәсіпорындар жалақыны өсірмегенін, сонымен қатар аймақта 20 жылдан астам уақыт бойы қызметін жүзеге асырса да білікті жергілікті кадрларды даярламағанын айтты.

Осы орайда өңір басшысы Ералы Тоғжановтан қызметкерлерді оқыту саласында жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерінің орындалуына бақылау мәселесін және жер қойнауын пайдаланушылар үшін сатып алу ережелерін қатаңдатуды сұрады. Бұл мәселе Ақтөбе облысы үшін өте маңызды екенін жеткізген Оңдасын Оразалин өнімді жеткізудегі қазақстандық үлесті қамту талаптарын арттыра отырып, сатып алу ережелерін қайта қарау қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары жалақыны көтеруден бас тартқан «ККБК Великая стена» ЖШС, «Восток нефть и СО» ЖШС –нің басшыларына жуық арада бұл мәселені шешуді тапсырды. Алдағы уақытта облыс әкімінің өзге де ұсыныстары қаралатын болады.

Басқосуда дүниежүзіндегі коронавирус індетінің экономикаға тигізетін әсері сөз болды.

«Үкімет тарапынан оңтайландыруға байланысты мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Біріншіден, әлеуметтік міндеттемелер уақытылы орындалатын болады. Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыссыздық деңгейінің өспеуін қадағалау мақсатында жол картасы әзірленеді. Жалақының уақытылы төленуі, азық-түлік бағасының өсуін реттеу үшін тұрақтандыру қорларындағы жинақ пайдаланылатын болады. Халыққа қажетті тағамдардың 19 түрімен қамтамасыз етуге еліміздің толық мүмкіндігі бар», - деді Ералы Тоқжанов.

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев министрлік тарапынан қабылданып жатқан шараларды атап өтті. Сыртқы шекаралардың жабылуына және шетелден келетін мамандардың кіруіне тыйым салынуына байланысты Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасымен компанияларда жұмыс істеп жатқан шетелдік азаматтардың жұмыс істеу рұқсатын ұзартуға шешім қабылданған.

Сонымен қатар жергілікті қамтуды арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Жергілікті атқарушы органдар мен мұнай өндіру компаниялары басшыларына өңірлерді дамытуды зерделеу бағытындағы жасалған «Скрининг» бағдарламасын оңтайлы пайдалануға шақырды.

«Атамекен» ҰКП мен бірлесіп «Alash» портал базасы жасалғандығын жеткізді. Жаңа құрылған базада еліміздегі барлық мекемелер тіркеліп, өнімдері мен көрсетілетін қызметтерді енгізуге мүмкіндіктері бар. Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының төрағалығымен Шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өткендігін жеткізді. Кеңесте қаралған бірқатар мәселелерді баяндады.

«Негізгі міндет - экономикалық тұрақтылықты сақтау. Президент кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейтеді. Мектеп жасына дейінгі балаларын қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалыс беру туралы мәселені жұмыс берушілерге түсіндіруді тапсырды. Президент бюджет шығындарына қатысты болжамды қысқа мерзімде қайта қарауды міндеттеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау қажет деп санайды», - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мұнай бағасының төмендеуі мен коронавирусқа қатысты пікірін білдірді.

«Халықаралық мұнай нарығы мұндай жағдайға алғаш рет кезіккен жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұнай құны 2 есеге дейін төмендеген еді. Сол кезеңдегі жағдай біздерді шыңдай түскен. Бұл жолы да дәл солай қиындықтарды еңсеретінімізге сенемін. Ақтөбе облысында 3000 адам жұмыс істейтін 9 компаниямыз бар. Қазірдің өзінде 8 млрд теңгеге сатып алу келісімі жасалды», - деді Алик Айдарбеков.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс әкімі Оңдасын Оразалинге мұнай бағасының өзгеруіне байланысты өндіріс жоспарларын қайта қарап, дағдарысқа қарсы жол картасын әзірлеуді, жұмыс орындарының сақталуы, жалақының уақытылы төленіп, еңбек дауларының алдын алуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар