Үкімет дағдарысқа қарсы шараларға бөлген қаражат қайда жұмсалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі дағдарысқа қарсы шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруда. Дағдарысқа қарсы шараларға 5 трлн 938 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3 трлн 462 млрд теңгесі – республикалық бюджет есебінен, 2 трлн 476 млрд теңгесі – бюджеттен тыс қаражат есебінен», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Берік Шолпанқұловтың атап өтуінше, Жұмыспен қамту жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге көзделген. Оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 300 млрд теңге, бюджеттен тыс қаражат есебінен 700 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және 250 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Бизнес субъектілерінің айналым капиталын 8 пайыз жеңілдікпен кредиттеу және инвестициялық жобаларды жылдық 6пайыз жеңілдікпен кредиттеуді кеңейту аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге көзделген«, - деді бірінші вице-министр.

Оның атап өтуінше, 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін, қосымша 390 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат жұмсалады. РБ салық кірістерінің шығындарын өтеу және мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,7 трлн теңге бөлініп отыр. Шағын, орта және экономиканың зардап шеккен секторларында ірі бизнес үшін салықтар мен алымдарды төлеуден босатуды ұсынуға байланысты жергілікті бюджет шығындарын өтеуге 237 млрд теңге көзделген. 313 млрд теңге әлеуметтік төлемдердің зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмектерді 10 пайызғаға дейін қосымша индекстеуге, стипендияларды арттыруға және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуге жұмсалады.

»Мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд теңге көзделген. Оның ішінде: агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 50 млрд теңге; «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығын дамытуға 50 млрд теңге; «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беруге 84,5 млрд теңге; «Ауыл - Ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 55 млрд теңге«, - деді ол.


Соңғы жаңалықтар