Үкімет дағдарысқа қарсы бірыңғай жоспар құруға кіріспек - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада атқарушы биліктің алдына таудай тапсырмалар жүктеп, қалыптасқан ахуалға қатысты шапшаң қабылданатын шаралар жайлы нақты міндеттерді белгілеген болатын. Шындығында, дағдарыс белең алған тұста икем әрекеттерге көшіп, жедел шаралар қабылдау келеңсіздіктердің алдын алу үшін қойылатын бірден бір талап. Сондықтан да, біраздан бері ақпарат құралдарынсыз бас қосып, қорытындысын соңыра жариялап үйреніп қалған Үкімет осы аптада селекторлық режимде отырысын өткізіп, біраз уақыт бойы Елбасы жүктеген міндеттердің орындалу барысына ден қойды, алдағы міндеттерді пысықтады.

Үкімет мүшелері толық құрамда, өңірдегі әкімдер онлайн-режиммен қатысқан алқалы отырыста ең бірінші кезекте «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Елбасы бағдарламасының барысына тоқталып қана қоймай, оған бөлінген бюджеттің қалай игеріліп жатқанын да атап шықты. Мәселен, биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін қайта бөлуді есепке ала отырып, Ұлттық қордан 770 млрд. теңге қарастырылған екен. Соның 523,7 млрд. теңгесі немесе жылдық жоспардың 68 пайызы игеріліпті. Сөз арасында министр қай министрліктің мойнында игеру қаражаты қаншалықты қалғанын, әкімдіктерге қай мәселеде шапшаңдық таныту қажеттігін еске салып отырса, Үкімет басшысы керек кезінде сөйлеушіні тоқтатып қойып, тиісті тұлғалардан жауап алып отырды. Ерболат Досаев бағдарлама барысындағы бірқатар проблемаларды де атап өтті. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту» бағыты бойынша 96 өңірлік жоба жоспарланып, әкімдіктерге 60 млрд. теңге бөлінген. «Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірқатар проблемалар анықталды. Біріншіден, бюджетті игеру мәз емес. Мәселен, Ақмола (57%), Павлодар (66%), Қостанай (40%) облыстары мен Алматы (43%) және Астана (13%) қалаларында бұл көрсеткіш төмен. Бұл негізінен конкурстық үдерістерді өткізу мерзімінің кешігуімен байланысты», - деп атап өтті министр Досаев.

Ал Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Елбасы жүктеген маңызды міндеттердің бірі - инвестиция тарту мәселесі туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі күні шетелдік инвесторларға ұсынылатын жобалардың деңгейі де, сапасы да төмен болып отыр. «Біріншіден, инвесторларды тартуды белсендіре түсу үшін қазақстандық тараптың ұсынған жобаларының деңгейі де, сапасы да төмен. Инвестициялық форумдар аясында Қазақстанға 500-ден астам компанияның өкілдері келді. Яғни, инвесторлардың Қазақстанға қызығушылығы жоғары, олар шынымен де Қазақстанды көршілес елдерге шығатын қақпа ретінде көре алады. Елімізде саяси, экономикалық тұрақтылық та бар. Осыған орай, инвесторлар үлкен қызығушылықпен келеді, алайда, олар өңірлердегі бизнес тарапынан ұсыныстардың мүлдем аз екенін айтады. Инвестициялық ұсыныстар ұлттық команиялар тарапынан да, жеке компаниялар тарапынан да мүлдем мардымсыз», - деді Ә. Исекешев.

Осыған орай Үкімет басшысы апта соңына дейін елге инвестиция тарту бойынша ұсыныс жасауды тапсырды. Премьер-Министр сондай-ақ, талқылау барысында мемлекеттік бағдарламалар аясында іске қосылатын жобаларға мұқият болуды тапсырып, бұл ретте «бүгін ашылып, ертең жабылып» қалатын, болашағы жоқ жобаларға жол бермеуді ескертті.

Тағы бір маңызды мәселе бүгінгі күннің өзектісіне айналған баға мәселесі де әңгіме болды. Үкімет бұл ретте негізсіз баға өсіміне жол бермеу мәселесін ұдайы бақылауда ұстайды. 2015 жылдың 24 қазанындағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарларының қоры 42,3 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, азық-түлік нарығында баға жағдайын тұрақтандыру бойынша 9703 меморандумға қол қойылған, ал қабылданған меморандумды орындау бойынша да мониторинг жүзеге асырылады.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр Ұлттық экономика министріне кәсіпкерлерді қолдау бойынша дағдарысқа қарсы жоспар жөнінде тапсырма жүктеді.

Үшжылдық бюджет бекіді, биылғы бюджет түзелді

Осы аптада Парламент 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Бюджеттік заңнамада бұған дейін белгіленген әлеуметтік және экономикалық міндеттемелердің орындалуы және Елбасының тапсырмаларына сәйкес, жаңа бағыттарға жұмсалатын шығындар қарастырылады. Әлемдік тауар нарықтарындағы мұнай бағасының жағымсыз өзгерістерінің және Қазақстанның ірі сауда әріптесі болып табылатын Ресейдегі ағымдағы теріс экономикалық ахуалға байланысты елдің әлеуметтік-экономикалық даму серпіні бәсең өсу қарқынымен сипатталатын болады. Сонымен қатар, Үкіметтің 2016 - 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық сценарийі бойынша мұнайдың әлемдік бағасы 2016 жылы бір баррельге 40 доллары деңгейінде болады деп болжанады. 2018 - 2020 жылдары баға бір баррельге 50 АҚШ долларына дейін өседі.

«2016 жылы бюджет кірістері 3 триллион 655 миллиард теңгені құрайды, бұл 2017 жылы - 3 триллион 867 миллиард теңгені, 2018 жылы - 4 триллион 195 миллиард теңгеге тең болады», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканың өсімін және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыруды қолдау үшін Ұлттық қордан 2016 жылы 567,0 млрд. теңге, 2017 жылы 900,0 млрд. теңге нысаналы трансферт тартылды. Осылайша, түсімдер 2016 жылы - 6 943, 2 млрд. теңге, 2017 жылы - 7 523,6 млрд. теңге және 2018 жылы 7 068,9 млрд. теңге көлемінде көзделеді. Бюджет тапшылығын төмендету жөніндегі саясатқа сәйкес оны болжанатын ЖІӨ-мен салыстырғанда 2016 жылы 1,6 пайыздан 2018 жылы 1,0 пайызға дейін қысқарту жоспарланады. Абсолюттік мәнде тапшылық 2018 жылы 552,3 млрд. теңгеге дейін төмендей отырып, 2016 жылы 723,4 млрд. теңгені құрайды. Бюджет жобасы оған жалғастырылатын жобаларды және игерілуі жоғары деңгейдегі бағдарламаларды ғана қоса отырып, базалық шығыстарды елеулі қысқарту жағдайында қалыптастырылды. Түсімдер мен тапшылықтың жоспарланатын көлемі негізінде бюджет шығыстарының болжанатын сомасы 2016 жылы 7 666,7 млрд. теңгені, 2017 жылы 8 124,4 млрд. теңгені және 2018 жылы 7 621,1 млрд. теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, Парламент Үкімет ұсынысы бойынша 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді де қабылдады. Ағымдағы бюджетке енгізілген түзетулер негізінен 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының қайта нақтылануына байланысты әзірленген. Бұған сәйкес, Жалпы ішкі өнімнің өсімі 2015 жылы 101,2 пайыз деңгейінде бағаланып отыр, бұл бұрын болжанған деңгейден 0,3 пайыздық шекке төмен. Осыған орай, 2015 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 3 174,2 млрд. теңге сомасында айқындалды немесе 45,8 млрд. теңгеге азайған. Соның ішінде салықтық түсімдер - 51,9 млрд. теңгеге азайған және салықтық емес түсімдер 5,8 млрд. теңгеге, негізгі капиталды сатудан түсімдер - 0,3 млрд. теңгеге ұлғайған. Тұтастай алғанда, бюджет түсімдері бойынша нақтыланған болжамды есепке ала отырып, Ұлттық қордан нысаналы трансферттің қысқаруын қоса алғанда 2015 жылы республикалық бюджет шығыстары 66,5 млрд. теңгеге азая отырып, 7 179,2 млрд. теңгені құрайды. Ал бюджет шығыстарын қайта қарауда неғұрлым үлкен сома бірқатар бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша қарастырылған. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі бойынша шығыстар оңтайландырылды және жалпы сомасы 11,7 млрд. теңгеге қысқартылды, бұдан өзге 0,1 млрд. теңге сомасындағы шығыстар қайта бөлінді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бойынша шығыстар 9,3 млрд. теңгеге қысқартылды. Ұлттық экономика министрлігі бойынша республикалық бюджет шығыстары 8,8 млрд. теңгеге азайтылды, сондай-ақ республикалық бюджеттің жалпы сомасы 15,8 млрд. теңге шығыстары қайта бөлінді. Ағымдағы жылғы бюджет тапшылығының мөлшері бекітілген деңгейде сақталған және 1 257,7 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге шаққанда 3 пайызды құрайды.

Үкімет дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарлама қабылдайды

Парламентте бюджетті талқылау барысында халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақтар жолдап, соңынан басты қаржы құжатын қабылдау туралы бірауыздан шешім шығарған болатын. Сондай, сұрақ-жауаптар барысында атқарушы билік алдағы жоспары туралы да біраз мәселенің мәнін ақтарды. «Біздің жоспарымыз бойынша, егер сіздер нақтыланған бюджетті қолдап, Мемлекет басшысы бұл бюджетке қолын қойған жағдайда, 8 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда 2 жаңа бағдарламаны қабылдауды жоспарлаймыз. Біріншісі - бұл алдағы үш жылға арналған дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарлама. Бұл ретте біз қолданыста бар экономикалық құрамдастарды қамтыған 2014-2015-2016 жылдарға арналған барлық бағдарламаны бір жерге жинап, топтастырамыз. Сосын бұл «Алдағы үш жылға арналған Дағдарысқа қарсы бірыңғай бағдарлама» деп аталатын болады. Ал екінші бағдарлама - бұл жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы. Қазіргі таңда бұнымен тиісті министрліктер айналысуда», - дейді Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, жаңа бағдарламада 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан жинақталған тәжірибелер ескеріледі.

«Жалпы қорытындылай келе, айтқым келетіні, біздің жоспарымыз үш негізгі бағытты қамтиды. Бұлар бірінші - Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделетін жаңа экономикалық саясат. Екіншіден, реформаларды жалғастыру. Үшінші - біздің жоспарымыздың барлығы шынайы, баршаға, халыққа да шаруашылық етуші субъектілерге де ұғынықты бола түседі», - деді Үкімет басшысы.

Тоқтала кететін тағы бір мәселе, Премьер-Министр алдағы уақытта Елбасы тапсырмаларын тиянақты орындауға кірісетінін де мәлімдеді. «Мемлекет басшысы бізге жекешелендіруге қатысты мәселелерді күшейтіп, жеделдетуді тапсырды. Кәсіпорындар жеке ортаға беріліп, мемлекет мойнына ауыртпалық түсіруден кетуі керек. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың банкроттығы мәселесі де өзекті. Банкроттық деген бұл адамдарды жұмыссыз қалдыру дегенді білдірмеуі шарт, ол кәсіпорын мен қызметкерлердің жұмысын тоқтатпай, меншік иесін ауыстыруды, кредиторлардан қорғауды білдіреді. Бұл бұдан әрі реттеу, мемлекеттік меншіктің тиімділігін арттыру мәселелерін де қамтиды», - деп атап өтті К. Мәсімов. «Мемлекет өзінің реттеуші қызметін күшейтіп, халықтың аз қамтылған топтарын қорғауды өз мойнына алады. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпорындар өз күнін өзі көріп, нарықтық жағдайға бейімделуі керек. Жасанды түрде кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қолдау енді ауырлай түседі», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетерлігі, осы апта атқарушы биліктің қызу жұмысқа кіріскенімен ерекшеленді. Десе де, жыл соңына дейін осы қарқын тоқтамайтын тәрізді. Мәселен, алдағы аптаның басында Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы күтіледі. Ендеше, бұл Жолдау билік тармақтарына қайта қамшы басатыны сөзсіз. Айтпақшы, дәл осы Жолдаудан соң Үкімет бюджетке кезекті өзгерістер енгізу мүмкіндігін де ескерткен болатын.

«Елбасы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Президент алдағы уақытта бұдан да нақты қадамдар Үкіметке жүктелетінін айтты. Ондай міндеттер Елбасының Жолдауында қамтылады, ал ол Жолдау 2015 жылдың аяғына дейін жарияланады. Осыған байланысты, депутаттарға алдын ала өтініш айтқым келеді, өйткені, біз алдағы уақытта Елбасының Жолдауы аясында жүктелетін міндеттерге сәйкес, бюджетке бірқатар түзетулер енгізуіміз де мүмкін. Ондай болып жатса, біз Парламентке тағы да бюджет бойынша өзгерістер мен толықтырулар жасап келетін боламыз»,- деген болатын Кәрім Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар