Үкімет дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Азия Даму Банкінен 500 млн. доллар қарыз алады

None
None
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Азия Даму Банкіне мүше елдерді қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберіндегі қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен аталған банк арасындағы қарыз туралы келісімге ағымдағы жылы  қыркүйектің  14-інде Астана қаласында қол қойылған болатын. Азия Даму Банкінің дағдарысқа қарсы қолдау бағдарламасы әлемдік қаржы дағдарысының әсерін төмендету және осы банкке мүше елдердің мемлекеттік бюджеттерін қолдау мақсатында әзірленіп, бекітілген.

«Ағымдағы жылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру 573,6 млрд. теңге немесе ЖІӨ-ге 3,6 пайызы мөлшерінде көзделеді. Әлеуметтік саладағы басым міндеттерге жоспарланып отырған шығыстарды толық көлемде қаржыландыру мақсатында ел Үкіметінің сұрау салуы бойынша Азия Даму Банкі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға қарыз бергелі отыр. Бұл қарыз 500 млн. АҚШ долларын құрайтын болады. Қарыз үш жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда бес жылға беріліп отыр. Қаражат келісім күшіне енгеннен кейін біріңғай транш ретінде бөлінеді», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев. Оның айтуынша, тартылатын қарыз шеңберіндегі іс-шаралар 2009-2010 жылдар аралығындағы кезеңде іске асырылатын болады.

Заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар