Үкімет бюджет шығыстарының негізгі бағыттарын айқындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары қаралды. Талқылау барысында 2022 жылы әлеуметтік салаға бағытталған қаражат сомасы өсетіні белгілі болды.

«Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8 пайызды, оптимистік - 5 пайызды және пессимистік - 4,6 пайызды құрайды. Негіз ретінде, бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдейді», - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал 2026 жылы 119,9 триллион теңгені құрайды. Барлық базалық салаларда оң өсім болжанады.

Атап айтқанда, 2022 жылы мұнай өндіру 87,9 миллион тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.

2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай 79,8 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард АҚШ долларынан 2026 жылы 43,4 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард АҚШ долларынан 36,4 миллиард АҚШ долларына дейін өседі. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды.

«Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр», - деді министр.

Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленді.

Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылды. Жалпы ішкі өнімге байланысты 2022 жылы бюджет тапшылығы 3,3 пайыз деңгейінде болжанса, келешекте 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5 пайызға дейін төмендеу болжанып отыр.

Айта кетейік, 2022 жылы мұнайлы емес тапшылық жалпы ішкі өнімге байланысты 8,1 пайызды құрап, 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3 пайызға дейін төмендейді.

«Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы - 15,6 триллион теңге және 2024 жылы 16 триллион теңге көлемінде болжанып отыр. Мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3 триллион теңгеге дейін өседі. Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы 55,3 миллиард АҚШ долларынан 2024 жылы 61,6 миллиард АҚШ долларына дейін өседі», - деді министр.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан экономикасының қалпына келуі жалғасып келе жатқанын айтып отыр.

«Сыртқы жағдайлардың жақсаруы, қолданыстағы фискалдық ынталандыру және өткен жылдың төмен базасы аясында ұлттық экономиканы қалпына келтіру жалғасуда. Әлемдік экономиканың бұдан былайғы даму қарқыны коронавирустың дельта штамының таралу тәуекелдеріне және дамушы елдердегі вакцинацияның төмен қарқынына байланысты болып отыр. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының арқасында Қазақстан экономикасы қалпына келуін жалғастыруда және биылғы жылдың 7 айында 2,7 пайызға өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 3,7%-ға өсуімен дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралуды күтуде», - деді Е. Досаев.

Алдағы жылдары Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер қысқарады.

«Ұлттық банкпен бұрын келісілген тәсілге сәйкес Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер 2022 жылы берілетін 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін қысқарады. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, экономиканың құлдырауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде - оларды қаржыландыру үшін ҚР Президентінің шешімі бойынша ғана Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық банкке Ұлттық қордың активтерін сақтау және көбейту қосымша міндеттелді», - деді Е. Досаев.

Бұл ретте Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Ұлттық қордан тәуелділік төмендейтінін растады.

«Қазақстан Республикасы экономикасының даму болжамы жаһандық факторлар мен ішкі ахуалды ескере отырып, қалыптастырылды. 2022-2026 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамға сәйкес, еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсу қарқыны 4,8 пайызды құрайды. Бюджет жобасында кірістердің өсуі экономика өсімінен озық қарқынмен жоспарланды. Мысалы, жалпы ішкі өнім 2022 жылы номиналды түрде 8,4%-ға өссе, республикалық бюджеттің салық кірістері 29%-ға өсетін болады. Бұл орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.

Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып қалыптастырылғанын атап өтті.

Шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып, қалыптастырылды. 2022 жылы шығыстар биылғы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

«Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайызды құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсе отырып, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалім мен дәрігер жалақысының көтерілуіне байланысты болды», - деді министр.

2022 жылы түсімдер биылғы жоспармен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанды. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаюмен қарастырылды.

Үкімет отырысында осы тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин 2022 жылы экономиканың 3,9 пайызға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өт

«Республикалық бюджеттің ұсынылып отырған жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық әрі уақтылы орындауға және де қазіргі жағдайларда экономиканың сапалы әрі орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Дағдарысқа қарсы макроэкономикалық саясатты іске асыру - пандемияның салдарын жұмсартып, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру процесін іске қосуға мүмкіндік берді. 2022 жылы экономиканың 3,9 пайызға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Шикізаттан тыс сектор - сапалы өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналмақ, әрі орнықты экономиканың негізгі факторы болып қала береді.

«Экономиканың нақты секторының, бизнестің дамуына қолдау көрсету және әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру жүйесінің, мәдениет әрі спорт салаларының және де қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің орнықты әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету - бюджет шығыстарының негізгі бағыттары болмақ. Ұсынылып отырған бюджет параметрлерін Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған», - деді А. Мамин.

Премьер-Министр аталған заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді жүктеді.


Соңғы жаңалықтар