Үкімет басшысының орынбасары Ақмола облысында ХҚО жұмысымен танысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен және «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бақытжан Аканның айтуынша, өңірде 25 фронт-кеңсе жұмыс істейді. Оның ішінде мамандандырылған және миграциялық Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Оларда жыл басынан бері барлығы 180 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Цифрлық ХҚО-да болған Премьер-Министрдің орынбасары Digital ХҚКО жұмысымен танысты. Онда тұрғындар электрондық қызметтерді «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының көмегімен алады. Сондай-ақ ұялы телефон, оның ішінде mGov мобильдік қосымшасы мен телеграммбот арқылы қызмет алу түрлерін игеруде.

«Бұдан бөлек, мұнда ақмолалықтар цифрлық сауаттығын арттыратын мамандандырылған сыныптар жұмыс істейді. Сапар кезінде Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын қолдауға назар аударды. Осы орайда, Цифрлық ХҚО-да атаулы әлеуметтік көмек төлеу бойынша кеңес беру және фронт-кеңестің жұмысымен танысты», - деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақмола облысы бойынша филиалының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Нұрсұлтан Ыбраев.

Айта кетейік, Ақмола облысына екікүндік жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы бұдан бөлек, Көкшетау қаласындағы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұжымдарда, кәсіпорындарда болып, халыққа әлеуметтік қолдаудың мәнін түсіндіретін болады. Кездесулер барысында жалақы, еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндіріс көлемін арттыру, денсаулық саласының жұмысын жақсарту туралы мәселелер көтерілмек.

Бұған дейін Үкімет мүшелері Ақмола облысының тұрғындарымен кездескенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар