Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б. Сағынтаев Ақмола облысында

None
None
АКМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келді.

Сапар барысында алдымен Б. Сағынтаев Бурабай ауданындағы Зеленый бор селосындағы кәріздік су тазалау қондырғысының, Бурабай кентіндегі бу қазандығы және жол желісінің құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Бурабай ауданының әкімі Нұрлан Нүркеновтің айтуынша, өнімділігі тәулігіне 10 мың текше метр су тазалауға қуатты кәріздік су тазалау қондырғысының құрылыс жұмыстары 2013 жылдың қарашасында қолға алынған. Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны 2 617,076 миллион теңгені құрап отыр. Осы мақсатта өткен жылы 307,330 миллион теңге бөлінсе, биыл 1103 миллион қарастырылған. Қалған қаржыға қондырғылар мен құрал жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ. Осы арада тек, теңгенің құнсыздануының салдарынан шетелден әкелінетін импорттық материалдар мен қондырғылардың құны 357,887 миллион теңгеге қымбаттап отыр.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Щучье қаласындағы "Браво" сауда үйіне де ат басын бұрып, сатушылар және тұтынушылармен емен-жарқын әңгімеге өрбітіп, азық- түлік бағасына назар аударды.

Бұдан кейін Зеренді ауданындағы сүт өндірісімен айналысатын "Мilk Project" ЖШС-нің сүт зауыты мен Шағалалы су қоймасында болмақ.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ақмола облысына сапарын түстен кейін Көкшетау қаласында жалғастырмақ. Онда ол облыс орталығындағы бірқатар өндірістік және коммуналдық нысандарды аралап көріп, өңірде ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуді дамыту жөнінде мәжіліс өткізуді жоспарлауда.

Соңғы жаңалықтар