Үкімет басшысы: Жыл соңына дейін инфляция деңгейін 2 есе төмендету – өте маңызды міндет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін инфляция деңгейін 2 есеге төмендету – өте маңызды міндет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маған артқан сенімдеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – мен үшін зор жауапкершілік.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз айқындап берген әлеуметтік-экономикалық мәселелер, арықарай даму бойынша, халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдығы болады.

Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және «Amanat» партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге, басқа партиялар мен депутаттардың, бизнес қауымдастықтың, азаматтарымыздың сындарлы ұсыныстарын ескеретін боламыз.

Орта мерзімді кезеңде экономикамыздың өсуін 5 пайызға жеткізу және осы жылдың аяғына дейін инфляция деңгейін 2 есе төмендету – біз үшін өте маңызды міндет», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, кәсіпкерлікті қолдау және бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтарымыздың нақты табысын өсіру негізгі бағыттардың бірі болады.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысына «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы ұсынылған еді.

Мұнан соң Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындау үшін депутаттардың келісім беруін сұрады.

Палата депутаттарының басым бөлігі келісім бергеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар